Соңғы уақытта дамуында ақауы бар балалар саны артып отыр. Мемлекет тарапынан оларды оқыту, қолдау технологияларын жетілдіруді қамтамасыз ету көзделген.
Өзекті мәселені шешідің бір жолы - балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның және отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Инклюзивті білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішіндегі мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, шығу тегіне, дініне жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Бұл саясат аудан деңгейінде де жүзеге асырылып жатыр. Солардың ішінде дамыту кабинеттерінің алар орны ерекше.
Өткен жұмада "Айналайын баладан" қоғамдық қорының "GauRai kids" түзету-дамыту кабинеті ашылды. Коррекциялық кабинет психикалық ауытқуы бар, ақыл-ой дамуы артта қалған, мінез-құлқында ауытқуы бар балаларды түзете-дамытуға арналған.
Түзету кабинеті «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының қаржылық қолдауымен "Ой-сана" психологтер қоғамдық бірлестігінің "Инклюзивті білім" жобасы аясында жүзеге асып отыр.
"Инклюзивті білім бойынша педагог мамандарын ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу" жобасы өңірдегі педагогикалық қауымдастықтың кәсіби құзыретін арттыру арқылы аймақтағы инклюзивті білім беруді дамытуға, көптеген мүмкіндігі шектеулі балаларға тең орта қалыптастырып, оларды кеңінен ортаға қосу мақсатында жүзеге асырылуда.
- Жобамыз 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде Атырау облысында және Маңғыстау облысының Боранқұл ауылында инклюзивті сынып немесе топ ашуға ниетті педагог мамандар мен басшыларға арналған 7 біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 160 педагог курстан өткен», - дейді «Ой-сана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләйла Сұлтанбаева.
Курс барысында инклюзивті сыныптарды (топтарды) ашудың, ондағы жұмыстарды ұйымдастырудың жобасы, нормативтік-құқықтық актілері, инклюзивті топтардағы арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке жұмыс бағдарламалары мен жоспарларын жазудың жолдары, ерекше балалармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері берілген. Сонымен қатар қандай жағдайда педагогтерге үстеме төленетіндігі, ол үшін жасалатын жұмыстар фокус-топтарда талқыланды. Инклюзивтік білім беру тақырыптары бойынша үздік тәжірибелер жалпыланған. Біліктілікті арттыру курстарының профессор-оқытушылар құрамына республика бойынша үздік ғалымдар мен тәжірибелік мамандар тартылған.
Жобаның екінші кезеңінде инклюзивті сыныптар ашуға ниетті педагог мамандар тағылымдамадан өтуі керек. Ол бойынша 10 адам Алматы, 10 адам Астана қаласына жіберілмек.
Ал үшінші кезеңде инклюзивті сыныптар ашуға қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде, жоба қамтылған аумақта 5-10 инклюзивтік сынып ашылады. Осыған орай, 5 ресурстық кабинет, 5 түзету кабинеті жабдықталып, бұдан бөлек өз беттерінше инклюзивтік сыныптар ашқан білім беру мекемелері мамандандырылға н көмек алады (жеке жұмыс бағдарламалары, инклюзивтік б.б.жұмыс жүйесі, педагогтерге үстеме есептеу жолдары, жеке түзету жұмысында қолданылатын әдіс-тәсілдер, т.б.)
"Ой-сана" психологтер қоғамдық бірлестігі төрағасы Ләйла Сұлтанбаеваның айтуынша, бұл жоба арнайы қажеттіліктері бар балалардың білім беру мекемелеріндегі инклюзивті сыныптарда оқу мүмкіндігін әлдеқайда артатын болады. Мүмкіндігі шектеулі балалар әлеуметтендіріліп, тең ортаға көптеп қосылады деген де жоспар бар.
Соңғы уақытта әртүрлі ауытқуы балалардың көбеюіне байланысты бұл мәселе біздің ауданымызда өте өзекті болып тұр. Мысалы, Бердібек Айтқалиев атты тұрғын өзінің аутизм диагнозы бар 9 жасар баласын Мақаттан Доссорға тасуға мәжбүр.
«М.Баймұханов мектебінде арнайы түзету кабинеті бар. Бірақ массаж алған құсатып баламен жарты сағат қана жұмыс жасайды. Баламызды А.Құнанбаев атындағы орта мектептің инклюзивті сыныбына беріп жатырмыз. Басқа уақытта жаңадан ашылып жатырған "GauRai kids" түзету-дамыту кабинеті әкелетін боламыз, - деген ол шетел асып қанш ем-дом қабылдағандарымен, әзірге нәтижесі болмай тұрғанын да жеткізді.
Инклюзивті білім берудегі басты қиындықтардың бірі – жақсы мамандардың жетіспеушілігнде болып тұр.
Ләйла Сұлтанбаева ерекше балалары бар ата-аналарға әрдайым бірауыз болу үшін арнайы чат ашып, қиындықтарды бірлесе жеңуге кеңес берді. Сондай-ақ ол Доссорға дейін Боранқұл ауылында түзету-оңалту кабинеті өз жұмысын бастағандығын, ендігі жоспарда облысымыз бойында 3 коррекциялық және 5 мектептен инклюзивтік кабинеттер ашу көзделіп отырылғанын айтты.
А. Есжан