Алмагүл Қуатбайқызы 1982 жылдың 31 шілдесінде Атырау облысы, Мақат ауданы, Мақат кентінде көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келген.
2004 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік заң университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 2004 жылы Мақат аудандық қорғаныс істері жөніндегі бірінші бөлім меңгерушісінің көмекшісі болып бастаған.
2005 жылы «Сәулет» коммуналдық мекемесінің хатшысы, 2008 жылы «Атырау Су арнасы» мекемесінде операторы болып еңбек еткен.
2010 жылы мемлекеттік қызметке келіп, 13 жылдан астам Мақат аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы және Мақат ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы болып абыройлы қызмет етіп келеді.
Алмагүл Қуатбайқызы жұмыс барысында өзін жақсы жақтарымен көрсете білген іскер жан.
Қызметтік міндетіне жауапкершілікпен қарап, жұмысқа деген ықыласы ерекше, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары.
2020 жылы аудан бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында «Үздік мемлекеттік қызметкер» атанып, облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен және бұдан басқа республикалық және облыстық басқармалардың Алғыс хаттарымен марапатталған.
Алмагүл Қуатбайқызы отбасында сыйлы келін, аяулы жар, асыл ана. Жолдасы Мухангалиев Арман Мақсотұлымен 2000 жылы отау құрып, бүгінде 2 ұл 4 қыз тәрбиелеп отырған «Күміс алқа» иегері.
Балаларының алды еңбекке араласып, кейінгілері университет пен мектеп табалдырығында білім алуда.
Балаларына әке жолымен, анасы берген тәлім-тәрбиемен үлгі көрсетіп отырған бақытты ана.
Алмагүл Қуатбайқызы үй тіршілігіне де үлгеріп, кәсіби қызметіне де дақ түсірмей, заман талабына сай жаңалық атаулыдан қалыс қалмай келеді.
Ер азаматқа бергісіз елеулі қызметте жүрген Алмагүл Қуатбайқызының атқарып жатқан еңбегі мен игі істеріне толағай табыстар тілейміз!
Аудан әкімдігі