Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған егемендік туралы Декларация мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады.
Егемендігіміздің арқасында Отанымыз өркендеп, толағай табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде азаматтардың сапалы білім алуына жағдай жасалып келеді. Мәселен бүгінде жастардың шетелде білім алуына, өзге мемлекетте тәжірибе жинақтауына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Оған шетелде білім алу мақсатында елімізде арнайы бағдарламалар ұйымдастырылып, оған білім алушылардың қызығушылығы артып келетіні дәлел. Бұл ретте мүмкіндікті пайдаланып, шет мемлекеттерде білім алып жатқан қазақстандық студенттер де аз емес.
Солардың бірі – мақаттық Айжұлдыз Тілеген. Л.Шахатов атындағы орта мектептің түлегі бүгінде Түркия елінің Сакарья қаласында SUBU университетінде білім алады. Қазіргі таңда «Tomer» яғни түрік тілін меңгеріп жатқан ол, келесі жылы физиотерапия және реабилитация мамандығы бойынша білім алмақшы.
Бала кезінен білімге құштар Айжұлдыз мектеп қабырғасында-ақ, алғыр да зерек болып, қатарластарына үлгі ретінде танылды. Соның арқасында оның «өзге елде білімімді шыңдап, ел көрсем, тәжірибелі ғалымдардың тағылымын алсам» деген арманы жүзеге асып келеді.
«Жалпы, Түркия әлем елдері бойынша үздік оқу орындарымен танымал ел. Жыл сайын Қазақстаннан Түркия университеттеріне оқуға келетін студенттердің саны артып келеді. Өз еліміздің де жоғары оқу орындары да жақсы дамыған. Алайда, дәл менің таңдаған мамандығымды Қазақстанда оқытпайды. Бір жағынан бұл жақта медицина саласы мықты дамыған. Өйткені, Түркия халқының өзі өмір сүру деңгейінің жоғары болуы, сапалы білім және медицинаның жоғары деңгейде дамығанын білдіреді», - дейді Айжұлдыз.
Сондай-ақ ол шет елде білім алудың тиімді тұсы ол жақтың тілін үйреніп қана қоймай, мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрінде де жақыннан тануға зор мүмкіндік дейді.
Өзге елде алған білімін өз елінің болашағы үшін кәдеге жаратуды мақсат ететін Айжұлдыз өзі оқитын саласын елімізде дамытсам дейді.
«Соңғы жылдары Түркия елі денсаулық саласындағы әлемдік рейтингті басып озып, медицина саласын дамытып жатыр. Тіпті, әлемнің түпкір-түпкірінен туристтер емделу үшін Түркияға келуде. Келешекте мен де осы жақтан алған білімім мен тәжірибем арқылы отандық медицинаның қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқым келеді»,- дейді Айжұлдыз Еламанқызы.
Иә, еліміз егемендік алғалы қаншама жерлестеріміз алыс-жақын шетелдерде білім алып жатыр. Өйткені, шет мемлекетте білім алуға құмар, өскелең ұрпақтың мұндай ұмтылысын мемлекет те қолдайды. Десе де, сол жастар теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін, туған елге оралып еліміздің дамуы үшін еңбек етсе, нұр үстіне нұр болары анық. Тек шетелде оқитын әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімі жоғары болса дейміз. Ә.ҚАСЫМ