Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекетіміз жастарды қолдауға үлкен басымдық беріп келеді. Әсіресе, соңғы уақытта кәсіппен айналысуға ниет білдірген жастарды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды.
Оған бизнес жобаларды мақсатты түрде игеріп, өз алдына дербес кәсіп ашуды қолға алған азаматтар қатарының күн санап артуы дәлел.
Жалпы ауданда кәсіппен айналысатын жастардың үлесі басым. Бұл мемлекет тағайындаған қайтарымсыз қаражат пен жеңілдетілген несиені тиісті сала өкілдерінің дұрыс үйлестіруінің арқасында болса керек. Осы орайда оларға үкіметтік қолдау шарттарын түсіндіріп, кәсіпкерлікке тартып жүрген мамандардың да жемісті еңбек етіп отырғандарын айта кеткен дұрыс.
Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы – бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ.
Осы ретте жақында «Жастар үлесі» ауыл жастарын қолдау жобасы аясында мақаттық Махамбет Рахмет 500 мың теңге көлемінде грант иегері атанып, өз кәсібін бастады. Ол ауыл балаларын спортқа баулу мақсатында «Шынықсаң шымыр боласың» атты дзюдо клубын ашқан болатын.
«Еліміз жастардың өз сүйікті ісімен айналысуға жағдай жасап жатқанда бұл мүмкіндікті пайдалану керек. Мен де бұл жобаны естігенде бірден қызықтым. Сол арқылы көптен ойымда жүрген істі жүзеге асырып отырмын. Біз ауданда спорт түрлерін дамыту арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Спорт клубын ашқандағы мақсатымыз – болашақ жеткіншектер мен жасөспірімдерді спортқа баулып, зиянды әрекеттерден аулақ ұстау. Сондай-ақ жастардың спортқа деген белсенділігін арттырып, жеңіс жолындағы шыңдарды бағындыруға жол ашу. Бүгінде ауданымыздың спорт саласы бойынша жеткен жетістігі көп. Мен де болашақта чемпиондарды тәрбиелегім келді», - дейді жас бапкер.
Сонымен қатар, ол кәсіппен айналысамын деген жастар үшін елімізде көптеген мүмкіндіктер бар екендігін алға тартады. Соның арқасында өз кәсібімді ашып, спорт саласында шәкірттер тәрбиелеудемін дейді.
Махамбет Рахметтің жетекшілігімен құрылған спорт клубында жергілікті ұл-қыздар жаттығады. Оның айтуынша, жаттығу аптасына үш рет екі мезгілден өтеді. Қазіргі таңда екі топта 20 баладан бар. Сонымен қатар барлық балалар спорттық киіммен қамтамасыз етілген.
Ә.ҚАСЫМ