Ұлылықты ұлықтаған тұлғалар

(0 Votes)

Мұражайға айналған тұрғын үй

Өткен күзде бір топ әріптестерімізбен бірге Алматы қаласына жолымыз түсіп, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы, қоғам қайраткерлері Сәбит Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай – үйлерін тамашалаған болатынбыз.

Алдымен Қарасай батыр көшесінде орналасқан Ғ.Мүсіреповтің мұражайын аралап, отбасымен 17 жыл тұрған үйі бүгінде тарихи мұра боп сақталғанының куәсі болдық.

Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық мұражайы 1991 жылы ашылып, бүгінде 4 мыңнан астам жәдігер жинақталған екен. Әдеби бөлімде жазушының өмір жолынан сыр шертетін фото-суреттер, кітаптар, қолжазбалар, хаттар, марапаттау қағаздары, тағы басқа жәдігерлер сөз зергерінің қоғамдық бейнесін айқын көрсетеді.

Ғабит Мүсірепов бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында 1902 жылы 22 наурызда дүниеге келген. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат танып, жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебінде оқығаны туралы жазушының өмір жолы мектеп бағдарламасынан таныс дүниелер есімізге оралды.

Орынбордағы 1923 – 1926 жылдары жұмысшы факультетінде Сәбит Мұқановпен бірге оқып, Сәкен Сейфуллинмен таныстығы жалғасқан, өткен күннен естелік суреттері мұражай деректерінде жүйеленіпті.

Жақсыдан шарапат

Мұражай қызметкерлері жазушының бұрынғы тұрған үйінің халық игілігіне айналдыру мақсатында балаларының еңбегі зор дейді. Ғ.Мүсіреповтің үлкен қызы Энгелина мен С.Мұқановтың Арыстан атты ұлы шаңырақ көтеріп, бұрыннан да таныстығы - туысты жақын жандардың бір-бірімен құда болғаны олардың артында қалған ұрпғы рухани мол мұрасының да бір орталықтан басқарылуына себеп болып отырғанымен сөзін жалғады.

Сөйтіп, Үкімет Қаулысымен 1999 жылы 8 ақпанда Сәбит Мұқановтың республикалық әдеби-мемориалдық мұражай-үйінің аты Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені болып өзгертілген.

Бүгінде мұражай қорындағы тарихи - мәдени құндылықтарды сақтап, мемлекет қамқорлығында қоғам қайраткерлерінің өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында игі істердің ізгілігі мол.

Ғ.Мүсіреповтің отбасылық өмірі, шығармашылығы, қоғамдағы орынын қалыптастыруы мұражай жәдігерлерінен көрініп-ақ тұр. Біз әрбір деректен мағлұмат берген мұражай қызметкерінің әңгімесіне зейін қоя жүріп, ұстап-тұтқан дүниесіне де үңілумен болдық. Жұмыс бөлмесіндегі үстел үстіндегі жәдігерлер де көнен сыр ақтарады. Өмірінің соңғы сәттерінде аяқтап үлгермеген шығармасы -«Оянған өлке» кітабының үстінде көзілдірігін қалдырған күйі осы орынға қайтып оралмағанын білдіріп тұр. Біз қасындағы белі ауырғанда түрегеліп тұрып жазуға ыңғайланған жазу үстеліне қолымызды қойып, шаршағанда ой сергіте шертетін домбырасын шертіп қарап, жақсыдан шарапат алғандай сезімге бөлендік.

«Әдебит пен өнер ұлы болмаған жағдайда, ұлт ұлы болмайды»

Мұражай бөлмесіндегі шығар жолдағы қабырғада жазушының «Туған елге – соңғы сөзі» тақтаға жазылып ілінген екен. Онда: «Кешегі өткен Ғабиден досқа: «Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?» дегенім бар еді, сол мөлшерім мөлшер болды. Қойыны суық қасиетті қара жер құшағына міне, мен де кеткелі жатырмын.

Үмітпен, күреспен, сеніммен ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам, қуанышым да ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде бүкіл әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ, әдебит пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ, кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуы керек. Өзім ірге тасын қаласқан қазақтың ата буын әдебиетінің атынан, өздерің қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы.

Қалам ұстауға халім болмағандықтан хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым. Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жоран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ хош, хош болыңдар!» - деп, жазылған уақыты көрсетіліп, (28.12.1985.) Г.Мүсіреповтің қолы қойылған.

Есікке таяу тұрған шағын үстел үстіндегі кітапқа рухани әсер алған мәдени орынға ризашылықпен қолтаңбамызды қалдырып, келесі нысанға бет алдық.

Рухани құндылықтың кілті

Қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, көрнекті жазушы, ақын, қоғам қайраткері болған Сәбит Мұқановтың да өмір-тарихы мектеп бағдарламасынан жадымызда. Жазушының атын естігеннен-ақ, оның «Сұлушаш», «Адасқандар», «Жұмбақ жалау» – «Ботагөз», «Балуан-Шолақ», «Сырдария» романдары мен «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», т.б. шығармалары барын еске түсіреміз. Әрбір шығармасынан рухани әсер алып, кітаптарын жастанып жатып оқитынбыз. Себебі, жазушының қай туындысын алып қарасақ та, ұлттық болмыс, жаңалыққа ұмтылыс таныту, өркениетке қадам жасауды мақсат етеді. Ұлт жанашырларын танып, ұрпаққа ұлағаттаудағы суреткерлігін бір ғана Шоқан бейнесінен тануға болатын. Қазақ қоғамының дамуына, ұлттық болмысты қаз-қалпында сақтай отырып, үлес қосуы рухы мықты тұлға екенін өз заманында мойындатты. С.Мұқановтың қазақ әдебиетіне ғана емес, қазақ қоғамының саяси дамуына да сіңірген еңбегі өлшеусіз болған.

Қаладағы М.Төлебаев көшесінде орналасқан көппәтерлі №125 үйде 1965-1973 жылдары С.Мұқанов отбасымен тұрған екен. Кейін, яғни 1978 жылдың 2 қарашасынан бастап бұл үй мұражай боп ашылған. Ғаламтор деректерінен таныс болғанымызбен, мұражай жәдігерлерімен жақын танысып, «мың естігеннен, бір көрген артық» - дегендей, барып көргеннің әсері ерекше болды. Әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұратын мұражай – рухани құндылықтың кілті десек те болады. Ондағы әдеби бөлімінде жазушының зерттеулері мен мақалалары, монографиялары, еңбегінің бағасын дәлелдейтін дипломдары мен мемлекеттік сыйлықтары туралы толық мағлұматқа қанық болдық.

Жәдігерлер сыры

Мұражай қызметкерлері есіктен енгеннен бізді жылы қарсы алып, жазушы туралы мемориалдық бөлімінде орын алған деректердің мазмұнын тарқатты. Ата-анасынан ерте қалып, жетім өскен бала Сәбиттің қиын өмірін өзінің білімге құштарлығы мен зеректігінің нәтижесінде өз тағдырын өз қолымен жасаған қайсар рухын баяндаудан бастады.

Сәбит Мұқанов 1900 жылы ғасырдың бастауында дүниеге келіп, 73 жылдық өмір тарихы қазақ әдебиетіне өшпес із қалдыруымен ерекшеленетін тұлға. Оның әрбір еңбегінен қоғамның өзекті жайттарын дөп басып суреттеуімен кеңес дәуірінің келбетін көз алдымызға әкеледі. Мұражайдың мемориалдық бөліміндегі кітапханасында толық сақталған мыңға жуық кітабы осыны айқындайды.

Сонымен қатар, мұражайға қойылған жазушы наградалары - екі Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендері, КСРО медальдары, сондай-ақ Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына бірнеше рет сайланған куәліктері шығармашылықтың шыңын бағындырған тұлғаның мерейлі шақтарынан сыр ақтарады. Мұражай экспозициясында түрлі қолжазбалар, жазушының поэзиялық, прозалық және әдеби сын шығармаларының басылымдары бар. Жазушының қабылдау бөлмесі, жұмыс орны, демалыс бөлмесі қаз-қалпында тұр. Рухани құндылығы мол мұражайдан ерекше әсер алдық. Жұбайы Мәриям апаймен екеуінің жатын бөлмесі, ұстап-тұтқан тұрмыстық заттары мен киімдері, үй жиһаздары, шетелдерден келген естелік сыйлықтары, картиналар сынды сырға толы жәдігерлердің әрқилы тарихы бар. Жазушының жары да сәнқой болғанын, жан дүниесінің кеңдігін мұражайда қалған жәдігерлерден байқауға болады. Эстетикалық тұрғыдан алып қарағанда өте талғампаздығын танытып тұрған сәндік киімдері мен бұйымдары мұражай сөресін толықтырып тұр.

Тері тулақтың тарихы

Демалыс бөлмеге кіргенде төр алдында төселген тері тулақтың тарихын тарқатқан мұражай қызметкері назарымызды төсенішке аударды.

Мұражай қызметкері Сәбит Мұқановтың қазақтың біртуар ұлы жастық жалынымен жарқ етіп, ғайып болған Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» романын жазуы барысында біраз ел аралап, дерек жинағанымен сабақтады. Осындай сапарларының бірінде жазушы Тарбағатай маңында бір аңшының үйіне тоқтайды. Аңшы жазушымен кездескеніне қуанып, кетерінде қоңыр аюдың терісін аманат етіп табыстаған екен. Себебі, аңшы аңға кеткенде оның аяғы ауыр әйелінің қарынын жарып, әйелі де баласы да аюдың құрбаны болады. Аюға кектенген аңшы оны атып, терісін сыпырып алады. Сөйтіп, ол теріні С.Мұқановқа ұсынғанда: – «Менің үйіме көп кісі келмейді. Сіздің үйіңізге келетін кісі көп. Сондықтан бұл теріні сіз алып, көпшіліктің аяғының астына төсеп қойыңыз. Сол келген қонақтардың аяғының астына тапталған сайын, менің кегім қайтар» дейді.

Міне, содан бері С.Мұқановтың төрінде көпшіліктің аяғының астында тапталған аюдың терісін біз де басып, аңшының кегін қайтарған ишарасын жасадық.

Ғимарат іші жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылған. Бүгінде 8 мыңнан астам жәдігер жинақталып, мұражай қорында сақталғаны туралы мағлұматпен танысып, рухани қазынасы мол халқымыздың құндылықтарына тәнті болдық.

Л.НҰРБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521