«Цифрладыру – барлық реформалардың негізгі элементі» тақырыбында кең форматта өзара ықпалдастық кездесу өтті.
Шараға Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов және департаменттің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Ақбота Тойбазарова, кент және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, қаржы саласының мамандары қатысып, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азамат Шаңғалаев төрағалық етті.
«Көлеңкелі» экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Яғни, бюджет есебінен сытылып, әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табыстарды анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе. Оның негізінде жемқорлықтың жолын кесу, ашық қоғамға қадам басу жолдары жатқаны анық. Кездесу барысында, міне, осы мәселелер қозғалып, көлеңкелі экономиканың жолына тосқауыл қою және өңірлерде төртінші деңгейлі бюджетті дамыту бойынша өкілетті органдармен өзара іс-қимыл мәселесі қозғалды.
Жиында мінберге шыққан Нұрболат Әлібекұлы көлеңкелі экономиканың ел дамуына тигізетін кері әсері, экономикалық қауіпсіздікке төнген қауіп және сыбайлас жемқорлықпен өзара байланысын айта келіп, Елбасы тапсырмасы бойынша алдағы бес жылдықта көлеңкелі экономиканы 40%-дан 20%-ға түсіру қажеттігін сөз етті. Осыған орай елімізде 2019-2021 жылдарға арналған тиісті іс-шара қабылданғанын, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды қазынашылық демеуді енгізу, заңнаманы жетілдіру және қолма-қол ақысыз төлемдер инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстардың жүріп жатқандығы айтылды.
«Мемлекеттік кірістер департаменті бюджеттің кіріс көзін ғана қалыптастырмайды, сондай-ақ, көлеңкелі экономикамен күрес, салық мәдениетін жетілдіру жалпы қоғамның белсенділігін насихаттайды. Біз өз стратегиялық даму жоспарымызда салық түсімдерінің мөлшерленген жоспарын орындап, көлеңкелі экономикаға тосқауыл бола отырып салық салу базасын кеңейту жұмыстарын атқарып отырмыз»,- деді Н.Сарманов.
Қоғамдық диалог пен ашықтық салық төлеушілерді қорғауға және халықтың салықты өз бетінше төлеуге ынталандыруда цифрландыру саясаты негіз болуы тиіс. Азаматтық қоғам институттарын жетілдіру бағытында сөз қозғаған Ақбота Сыдыққызы ауданда жыл басынан бері 11189 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілгенін, оның 99,6%-ы электронды түрде жүзеге асқандығын атап өтті.
Жалпы мемлекеттік қызметтің 44 түрі болса, аудандарда тек оның 13-і ғана пайдаланылады екен. Сондай-ақ, ауданда 1421 қызмет түрі бойынша салық төлеуші ретінде тіркелгені белгілі болса, оның 564-і онлайн кассалық аппаратты пайдаланып отыр.
Жиында мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға байланысты сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Шара соңында аудан әкімдігі мен облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бірлескен 2020-2025 жылға жергілікті атқарушы органдармен көлеңкелі экономикаға қарсы және салық салу базасын ұлғайтуда атқарылатын өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастық стратегиясы бекітілді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан