Жанармай бекетіне «жан кірді»

(0 Votes)

Біраз уақыттан бері мақаттықтарды жанармай мәселесі алаңдатып келді. Бір жылдан аса уақыт кенттегі жанар-жағармай құю бекеті істен шығып, тұрғындарды сергелдеңге салған болатын. Ал, көнбеске амалы жоқ жергілікті жүргізушілер жанармай үшін 32 шақырымды артқа тастап, арнайы Доссор кентінен керегін толтырып жүрді. Бұл екі есе шығын екені айтпаса да, түсінікті.

Жалпы кенттегі жалғыз жанар-жағармай құю көзі болған «Қазмұнайгаз» АҚ-на қарасты бекет техникалық тексеріс кезінде бензин сақтайтын қазандықтарынан ақау табылғандықтан, жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.

Десе де, бүгінгі күні мәселенің түйіні тарқағандай болды. Бұл түйткілді әуел бастан назарда ұстаған аудан әкімдігі жергілікті кәсіпкерлерді қолдау арқылы мәселені шешті.

67a90398-3b8b-478e-8b45-4b2789e18c1f

«Қазмұнайгаз» АҚ-на қарасты бекеттің нысанын жалға алған жергілікті кәсіпкер Гүлжан Елекенова бүгінде жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен.

«Қазір ішкі жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы қазан айының 17-нен бастап жұмыс басталды. Тұрғындар қуанышты жүздерімен келіп, көліктеріне жанармайды толтырып кетіп жатыр»,- деді Гүлжан Елекенова.

«Елекенова» ЖК-і басшысынан білгеніміздей, мұнда Аи-92 - 144 теңге, Аи-95 - 165 теңге және дизель 180 теңгеге белгіленген. Ал, жиырма литрден жоғары сауда жасаған жүргізушілерге арнайы жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ, кәсіпкер алдағы уақытта екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жерлестерін жұмыспен қамтып, халықтың алғысына бөленбекші.

e4b2fa49-8c3e-4fa8-93c2-6ef38412f52e

Жанармай тапшылығы сезілгенде «ұлардай шулап» кеткен қалың бұқара бүгінде аудан орталығындағы бекеттің қайта іске қосылғанына риза.

«Бұрын бензин үшін Доссорға баратын едік. Ол Мақаттан 30 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан. Барып-келу үшін осыған екі есе қашықтық қосылады. Сонда жолдың өзіне шығын шығады. Бұл тиімсіз еді. Қазір мәселенің шешімі табылып, ауылдан өзіміздің бекеттің іске қосылғаны қуаныш сыйлап отыр»,-деді Е.Бектұрсынов.

Жанармайдың тапшылығы көлігі барға да, көлігі жоққа да әсер етеді. Өйткені, қазіргі заманда көліксіз іс бітпейді. Уақыт жоғалтпау үшін көлікке тәуелді екеніміз анық. Сондықтан да, темір тұлпарымыздың тоқтамауы үшін, жанармай бекетінің жақын орналасқаны маңызды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT