Қыс болса қытымыр аязы, жаз болса аңызақ желі мен аптақ ыстығына жүздерін тосып жүретін көше тазалаушылардың еңбегін ерен де сек, артық айтыпты деп ешкім сөге көрмес.
Мехнатын төтесінен тартпаса да, таңмен таласа тұрып тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жандардың бірі – Валентина Игнатьева.
Оның жұмысына деген ыждағаттылығы тұрғындардың да назарынан тыс қалмады. Кеше ғана аудандық мәдениет үйінде өткен Мақат кенті әкімінің есептік жиналысында дәл осы есім ерекше екпінмен айтылды.
Валентинаның жұмысына дән риза болған кент тұрғыны "Біздің Валя қандай алғысқа болсын лайық! Мерекелік марапаттау кезінде оны елеусіз қалдырмаңдаршы",-деп өтініш қылған еді.
Алғыс айту күні қарсаңында кент әкімінің қаперіне берілген қадірлі жанға біз де көңіл аударғанды жөн көріп, жолға шықтық. Біз жетеміз дегенше Валентина жұмысына қызу кірісіп те кетіпті. Ойылған мұзды әріге сыпырып жатқан апамызға сәл бөгелуін өтініп, бір-екі ауыз әңгімеге тарттық.
"Көріп тұрғандарыңдай ер адамдармен иық тірестіріп еңбек ете береміз. Бұл ұжымда қызмет еткелі екі жылдай уақыт болды. Өзім осы Мақаттың тұрғынымын. Жұмысқа таңғы сегіз жарым нан бастап кірісіп, кешкі ал тылар шамасына дейін еңбек етеміз. Кейде күн райына байланысты қиыншылықтар да туындап жатады",-дейді ол.
Жанындағы әріптестері де Валентинаның өз ісіне білек сыбана кірісіп кететінін айтып, оң бағасын беріп жатты. Ұлты татар болғанымен қазақ тілінде емін - еркін сөйлеп тұрған ол алғыс айту күні қарсаңында өз лебізін білдірді. "Бір шаңырақ астын да тату - тәтті ғұмыр кешіп жатқанымызға тәубә деймін. Бастысы деніміз сау болсын, еліміздің мерейі арта берсін",- дейді. Өз кезегімізде біз де кенттің ажарын кіргізіп жүрген Валентина Игнатьева мен оның барлық ұжымдастарына жүрекжарды ақ алғысымызды білдіргіміз келеді. Еңбегіңіз биіктерден еленіп, елдің ыстық ықыласына бөлене беріңіз!
А.Садықов