Мұқтаж жанға көмек қолын созғаннан ешкімнің ризығы кемімейтінін білсек те, кейбір ауқатты жандардың тартыншақтап қалатынын көзіміз шалып жүр. Десе де, қолындағы ба рын айналасымен бөлісіп, жақсылығын жария да, жасырын да жасап жүрген жомарт жандарымыз аз емес.
Дәл осындай атымтай жомарттың жарқын мысалы ретінде бүгінде аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқарып жүрген Қуаныш Жанашұлын айтуға болады.
Көктемнің алғашқы күнімен қатарласа келетін Алғыс айту күнінде "жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытуға болатындай". Халық қалаулыларының басын бір арнаға тоғыстырып, елдің мұң-мұқтажына құлақ түріп айтқан сөзін азаматтық ісімен дәлелдеп жүрген ол көптеген жерлестерімізге үлгі. Құр айқаймен әлеуметтік желінің азан-қазанын шығаратын шолақ белсенділерден, сөзге бейім болмаса да ісімен тын дырымды азаматтардың тұлғасы әлдеқайда биік тұрары анық. Сөзімізге тұздық етіп кейіпкеріміздің көп жақсылығының көзге көрінер кейбір тұстарына ғана тоқталып көрсек. Мәселен, ол материалдық көмек сұрап келген жалғызбасты ананың бір ауызсөзін жерге тастамай, азық-түлікпен және тұрғын үй жабдықтарымен көмектесіп, көрпе-төсегін жаңартып, кілем сыйлап, тіпті «Отау» тв-іне дейін алып берген еді.
Талай тұрғынды тұрақты жұмысқа орналастыруға да өз ықпалын тигізіп, жоқ дегенде жолын көрсетіп бағыттап жіберуден жалыққан емес. Аудандық мәслихат депутаты баласының еміне қаржылай көмек сұрап келген аналарды да құр алақан қайтармай, мәрттігін таныта білді. Кім өз басына қиыншылық қалайды дейсіз, тілеп алмаса да тағдырдың өткінші сынағы көп адамның шынайы бет бейнесін айқындап береді. Қамшының сабындай ғана бес күн жалғанның мәні бір-бірімізге қарайласуда екенін ұмытпай, қолы ашық жандардан үлгі-өнеге ала білсек көсегеміз көгерері анық. Атына заты сай Қуаныш секілді ағаларымыздың қуантар істері көп болғай!
А.САДЫҚОВ