«Мақат маңайынан...» айдарымыздың бүгінгі шығарылымы қиын да күрделі би жанрын жанына серік етіп жүрген жерлесімізге арналады. «Астана Опера» театрының балет солисі Мөлдір Шәкімова мұнайлы өлкенің тумасы екенін бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде елорда төрінде өз өнерімен талайды тамсандырып жүрген Мөлдір 1996 жылы Доссор кентінде қарапайым отбасында дүниеге келген. 1-4 сыныпқа дейін Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде білім алған ол әрі қарай оқуын Алматы қаласындағы А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде жалғастырады.
«Мектепте оқумен қатар бірінші сыныптан бастап Доссор мәдениет үйі жанындағы би үйрмесіне қатыстым. Алғашқы биге деген қызығушылығым «Еркем-ай» би тобында өнер көрсетіп жүрген кезде басталды. Бірде би тобымен бірге Алматы қаласында өткен «Бозторғай» конкурсына қатысып, жүлделі оралған болатынбыз. Конкурста Қазақстанның Халық әртістері Болат Аюханов, Бибигүл Төлегенова әділқазы болды. Сол кезде балет актері Болат Ғазизұлы екі аптадан кейін балетке конкурс жарияланатынын, қатысқысы келетіндердің бағын сынауға болатынын айтқан еді. Мен сол конкурсқа қатысып, сонын арқасында Алматыдағы хореографиялық училищеге оқуға түстім. Осы конкурс маған балетке жолдама сыйлады десем де болады. Басында тоғыз жасар бала қайда келгенін толықтай түсіне бермейді ғой. Уақыт өте келе ысылдым, бойымда рух пайда болды, тәртіп қалыптасты. Оқу барысында бірнәрсе қолымнан келмей, қиналғаным есімде жоқ», - дейді Мөлдір.
Осылайша үйдің кенже қызы тоғыз жасында арман қуып Алматыға кетіп, өз шығармашылығына жастайынан ден қояды. 2005-2013 жылдары аралығында хореографиялық училищені үздік аяқтаған ол сол жылы жаңадан құрылып жатқан «Астана Опера» театрына жұмысқа орналасады.
«Театр ашылғалы бері тоғыз маусым болса, соның барлығында да өнер көрсеттім. Былайша айтқанда театрмен бірге өсіп келемін. Бүгінгі күнге дейін «Астана Опера» театрының опера болсын, балет болсын барлық қойылымдарына қатыстым. Мен ең төменгі кардио-балеттен бастағасын, әр баспалдақтан өтіп, дамудамын»,- дейді балетші қыз.
Әрине, әр саланың өз қиындығы болатын секілді, балет өнерінің де өз ауыртпашылығы бар. Мәселен автордың жүрегінен шыққан кейіпкердің кейпіне еніп, көрерменнің назарын жаулап, сеніміне кіру керек. Ол үшін кітап оқып, музыка тыңдап, табанды жұмыс жүргізу маңызды.
«Әр балеттің өзіне тән табиғаты болады. Кейіпкерді қаншалықты сезініп, ұғына алатыным мен үшін қызықты. Қашанда би болсын, қойылым болсын жүректен шықса ол көрерменге сезіледі. Жүрекпен билесең жұлдыздай жарқырып, өзгелерден дараланып тұрасың. Маған қойылымнан кейін көптеген жандар жақындап немесе хат жазып, сізді таныдық деп пікірлерін білдіріп жатады. Мен алыста мәселен 32 аққудың ортасында тұрмын қалайша мені таниды деп таң қалтынмын. Міне, өз ісіңе жан-тәніңмен беріліп жасасаң, нәтижесін көресің деп айтқым келеді»,- дейді ол.
Он жылға жуық көптеген спектакльдер мен концерттерде өнер көрсетіп жүрген Мөлдір тек қазақстандық сахналарда ғана емес, қазақ өнерін әлем елдеріне де танытып жүр. Шет елдерге жиі-жиі түрлі гастрольдік сапарларға шығып тұратын ол осы уақытқа дейін Италия, Испания, Литва, Оман және Ресей сахналарында қазақ өнерін паш еткен.
«Ең қызықты сәттер ол – гастрольдік турлар. Себебі өз еліміздің мәдениетін басқа елдерге көрсету – бізге үлкен мәртебие. 2018 жылы Оманға барғанбыз, ол жақта көрермен өте талғампаз. Тіпті, балет әртістеріне жоғары талап қоятын көрінеді. Қойылым ұнамаса, мүлдем қол шапалақтамайды. Орнынан тұрып, кетіп қалуы да ғажап емес. Абырой болғанда, біздің ұжым көрермен көңілінен шықты. Біздің театрдың репертуары үлкен. Классикалық балеттер де, заманауи хореографиялар да бар. Мен классикалық стильді ұнатамын. Тоғыз жасымнан бастап аяғымды айналдырып, қайырып үйренгенмін. Бұған денем де, бұлшық еттерім де үйреніп, кейде көшеде де солай жүретін уақытым болады. Сондықтан танымайтын адамдар да бір көргеннен балерина екенімді аңғарады»,- дейді ол.
Мөлдірдің сахнада сомдаған кейіпкерлері өте көп. Десе де, ол «Корсар» балетіндегі Гүлнардың рөлін сомдаған ерекше ұнайтынын айтады. Қазір көп адам театрға бармайтыны, бұл қиын да күрделі өнерді түсіне бермейтіні рас. Бірақ Мөлдір жанды дауыста ән тыңдаған, театрға, балетке барып, қойылым көрген әсерлі екенін айтады.
«Киноны кинотеатр, теледидар немесе телефоннан көруге болады, бірақ аса бір әсер сыйламайды. Ал сахнада спектакль сомдағанда көрермен бірге қобалжып, атмосфераны сенімен бірге сезінетінін сезесің. Театр - бұл ғажайып. Сондықтан алдағы уақытта бұл өнерге деген көрерменнің сұранысы артады деп сенемін»,- дейді балетші.
Өнер адамдарының арасында, соның ішінде балетте қыздардың арасында бәсекелестік жоғары екені белгілі. Кардо-балетте тұрып, солист болу үшін өте көп еңбектену қажет. Өйткені солист — спектакльдің жүрегі. Яғни, қойылымдағы ең басты кейіпкер. Сахнадағы жағымды аураны қалыптастыру солистке байланысты. Көрермендер кез келген уақытта сахна артындағы көпшілікке емес, тек солистке қарайды. Сол үшін әр партияны сезініп ойнау қажет.
«Балетте бұрын жігіттер аз болатын. Қазір бізде де, шет елде де бұл өнер өркендеп келеді сондықтан жігіттердің де үлесі артты. «Балет – ерлердің айналысатын ісі емес» деп қатаң сын айтып жатады жұрт. Керісінше, нағыз жігіт деп соларды айтар едім. Талмай еңбек етіп, күнделікті дене шынықтырумен айналысатын біздің жігіттер кейде өзінің салмағымен тең қыздарды көтеріп жатады. Балет өнеріне күш-қайраты толысқан, мықты жігіттер келеді. Бірақ, әрине қыздардың көп болғаны бәсекелістікті арттырады. Бірақ, біз тобымыздағы әріптестерімізбен жақсы қарам қатынастамыз, аяқтан шалу деген жоқ. Біздің жетекші солистеріміз де өте керемет, өз ісінің мамандары. Достығымыз да жарасқан, бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Мен де артымнан еріп келе жатқан қыздарға ақыл-кеңесімді айтудан тайынбаймын»,- дейді табанды қыз.
Мөлдірдің айтуынша егер қойылымды тамашалап отырған көрермен әртістің биін жеңіл қабылдаса, балеринаның мақсаты орындалғаны.
«Сізге жұмысыңыз, өз кәсібіңіз ұнаса бақытты әр сәттен табуға болады. Әрине кейде шаршаймыз. Бірақ бұл өзіміз таңдаған жол екенін, өзіміз үшін маңызды екенін түсінеміз. Көрермендерге шаршап тұрған әртісті қарап отырған ұнамайдығой. Сондықтан өзімізді жинақтап, қамшылап аламыз. Сахнаға үлкен дайындықпен шығамыз. Балериналар үшін ең маңыздысы – еден. Күнделікті театрға келгенде хореографиялық станокта тұрып, бойды қыздыру – біз үшін тіс тазалау сияқты әдеттегі іс. Кейде биге қатысы жоқ адамдар, "би билеудің не қиындығы бар, неге шаршайсыңдар" деп пікір айтып жатады. Әрине әр істің өз қиындығы бар дер едім. Сосын балериналар ештеңе жемейді деген – миф. Тамақ ішуіміз әркімнің организміне байланысты. Өз басым тамаққа ешқашан шектеу қойған емеспін. Біздер таңнан кеше дейін жаттыққандықтан энергиямыз кетеді, сондықтан дұрыс тамақтанғанымыз өзімізге жақсы. Бірақ балет бишісіне салмақ қосуға болмайды»,- дейді өз саласының қиындығымен бөліскен ол.
Балерина маманының қызмет атқару ғұмыры қысқа екені белгілі. Әрі кеткенде олар қырық жасқа дейін билеп жүре алады. Одан кейін Мөлдір өзін ұстаз ретінде елестететінін айтады.
«Ол әр адамның физиологиясына байланысты. Бұрынан балетшілер 40 жасқа дейін билейді деп айтылатын. Қазір мысалы 56 жастағы балериналар бар. Оның үстіне олар әдемі өз деңгейінде билейді. Сондықтан егер денесі үнемі қозғалыста болса, жүре беруге болады. Ал карьера аяқталғаннан кейін кейбірі шеберлік сағаттар өткізеді, кейбірі ұстаз болады. Немесе басқа бағытқа ауысады. Мені де бұл сұрақ ойландырады. Бірақ әлі нақты жоспарым жоқ, мүмкін сабақ берермін»,- деген пікірде ол.
Мөлдірдің бұл бағытта жеткен жетістіктері де аз емес. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан және т.б. алғыс хаттар иеленген. Сөз соңында ол елімізде балет өнерінің бағаланып, дамығанын қалайтынын айтып, жастарға өз кеңесін білдірді.
– «Сүйікті ісіңді таңдасаң, өмір бойы жұмыс істемейсің» деп Конфуций айтпақшы, өздеріңіз құштарлықпен айналысатын іске талаптануға шақырамын. Әрине, кез-келген істің өз қиыншылығы болады. Бірақ соны жеңіп, шыңды бағындыру қажет. Ал, балет бишісі болам деген жандарға көп еңбектену және шыдамдылық керек. Сосын, бастысы – шағымданбау. Шағымдана берсең қай істе де ісің алға баспайды»,- деп сөзін аяқтады балетші қыз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА