Бас қаланың болашағы зор

(0 Votes)

Тарихы тереңнен басталатын Астана қаласының бүгінгі келбеті 20 жылда әлемге әйгілі ғажайыптарымен ерекшеленеді.

 

Өткен күннің белгісін сақтай отырып, ертегі қалаға айналған шаһардың Астана статусын алғаннан соң аз уақытта, яғни 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстанның медальға ие болуы және «Әлем қаласы» жоғары атағы берілуі - үлкен мәртебе. Бүгінде Астана қаласы - саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша түрлі кездесулер өтетін Еуразия кеңістігінің орталығы болып саналады. Әрине, «Өткенсіз бүгін жоқ» -деген қағида Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын басшылыққа алған еліміздің даму стратегиясына да негіз болып отыр. Бұл бүгінгі ұрпақтың өткенін білу арқылы болашағын айқындауына бағыт береді. Бүгінгі Елордамыз қоныстанған жер 130 жыл бойы Ақмола аталып келіп, мұнан соң Целиноград, кейін қайтадан Ақмола атанса, Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Міне, осы уақыт ішінде қала жедел дамып, өсті. Оған басты себеп, еліміздегі тұрақтылықтың, бірліктің нығаюымен байланысты. Тарихты зерделесек, «Ол жерде бір кездері өзінің даналығы мен әділдігімен бүкіл сахара танымал болған Нияз би жерленген. Нияз би Абылай ханның беделді кеңесшілерінің бірі болады. Ал күмбезі киіз үйдің шаңырағына ұқсайтын, ақ кірпіштен тұрғызылған кесене осы өңірдің атына айналады. Яғни, Ақмола деген атау осыдан пайда болса керек-ті. Нияз бидің әкесі Тілеулі батыр қазақ-жоңғар ұлт-азаттық соғыс тарихында өзіндік орны бар адам. Аты аңызға айналған қолбасшы, сардарлар Есет пен Жәнібектің үзеңгілесі болған ол, Аңырақай, Қалмаққырған мен Қарақұмда 1710–1729 жылдары болған жоңғар соғысында қыпшақтың 92 руының әскерін басқарған. Сонымен қатар, лайықты ұлды тәрбиелей білді» -деген дерек бар. Бұл жерде бабалар тарихы да ұлт болмысының рухы қашан да биік болғанын, елдорамыз ел қорғаған ерлеріміздің есімімен байланыс тауып тұрғанын аңғартады.

Сарыарқаның төсінде Есілді жағалай қонған ел сәулетті қаланың келешегіне үлкен үмітпен қарап, бүгінгі Астана атануына ерекше ықпал етті деп білеміз. Өйткені, ол жер – жомарт пейілді қазақ елінің табаны. Болмысынан дархан жүректі, көпті жатсынбайтын ұлтымыз көпұлтты мемлекет құрып, еліміздің жүрегі – Астана қаласының көркеюіне атсалысты. Президентіміз Н.Назарбаевтың идеясымен Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдағаны мәлім. Ал Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асқалы қаланың заманауи құрылымы жан-жақты қарқын алды. Елорданың еңсе көтеруіне бүкіл Қазақстан халқы жұдырықтай жұмыла ниет қойды. Ол әрине, тәуелсіз елімізді мекен еткен халықтардың ұйымшылдығы, мемлекетіміздің саяси ұстанымы. Татулықты ту еткен еліміздің ұлттық рухы биік, елжандылық қасиетті санасына сіңірген ұрпақ тәрбиеленіп келетінінің көрінісі. Әр жылда Астананың туған күнін мереке ғып атап өтудің мәні – халқымыздың отаншылдық рухын нықтап, к

елешек ұрпақтың елі үшін елеңдеп тұратын жанашыр, патриот болуына тәрбиелейтіні сөзсіз. Еліміз осындай ұстанымдағы саяси бағытының жетістіктерін де көріп келеді. Халқымыздың рухани өресі де өсіп, бас қаланың гүлденуіне атсалысуды парыз санайды. Қазақтың біртуар азаматы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» - деген тәмсілдің ұлт санасын серпілтер ықпалын ескерсек, халқымыз барды бағалай да білді, қаланың мәртебесін асқақтатудан аянып та қалмады. Осының нәтижесінде 2000 жылдан бастап Қазақстанның бас қаласы Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды. Бүгінде сәні мен сәулеті келісті қаламызды жырға қоспаған ақын, әнге қоспаған сазгер-әншілеріміз кемде-кем. Бұл рухани дүниеміздің кемелденіп, Астанаға деген сүйіспеншілігіміздің арта түскенін аңғартады. Елорданың саяси аренадағы орыны, рухани орталыққа айналған қазақ елінің мәртебелі мінбері іспетті биіктен көрінетін келбетін танып, білу - әрбір қазақстандық азаматтың арманы. Тіпті, еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартына дейін Астанаға саяхат жасауға ынтық. Себебі, күн санап көркейіп келетін қаланың сәулеті ел ертеңіне сенім ұялатады.

Мәселен, өткен жылы әлем халықтарының көз тіккен «ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Астана қаласында ұйымдастырылуы Елордамыздың мәртебесін тағы бір саты көтеріп тастағандай. Көрмені тамашалауға бүкіл ел азаматтары мен өскелең жастар да аса қызығушылықпен сапарлап қайтты. Үш айға жоспарланған көрме жаңалықтарымен бөлісуге біздің аудан халқы да белсенділік танытқаны газет оқырмандарының назарында болды. Елдің ортақ мүддесінен шығу газетіміздің арнайы беті арқылы жарияланып тұрды. Көрмені тамашалаған әрбір оқырманымыз Астанаға сапарынан алған әсерімен бөлісуден жаңылған жоқ. Олар қаланың еңселі ғимараттарының сәулетіне тамсанып, «Бәйтерек», «Хан шатыр», «ЭКСПО қалашығы», т.б. қоғамдық орындардың рухани тағылымын жарыса жеткізді. Осыдан-ақ, халқымыздың Астанаға деген сүйіспеншілігін, елжандылық сезімінің орнығуын байқаймыз. Міне, мемлекетіміздің жаңа Астанасына биыл 20 жыл толғалы отыр. Бұл тәуелсіздігіміздің – жемісі. Астана еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес, бабалар аңсаған ұлттың рухани жаңғыруының дәлелі. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм бағытындағы шаралар көрініс тауып жүрген Елорда төрі жаһандық дамуымызға жол ашты. Бір шаңырақ астына шоғырландырған көпұлтты халықты бейбітшілік пен келісімге шақырып, тәуелсіздігіміздің тұғырын нық ұстап келеді. Бұл - Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы. Ал тарихты қаттайтын – халықтың тыныс-тірлігі. Стратегиялық маңызды жоспарларды жолға қойған қаланың құрылысы әлі де қаланып, рухани көкжиегін көтеру мақсаты жалғаса бермек. Жыл санап жетістіктері еселеніп, күн санап көркейіп келетін бас қаланың келешегінің кемелденетініне сенім де жоғары.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521