«Өмірге құштар адам өсімдік егеді»

(0 Votes)

Аула іші жасыл желекке малынып тұр. Бір көргеннен мұнда қолы ұсынықты, шаруаға мығым адамның қолтаңбасы бары екендігі байқалады.

Бұрын бау бақша егуді әдетке айналдырмағанмен, осы әулетке келггеннен бастап, аула ішін көздің жауын алардай әсемдеп, оны жанға жайлы әрі сайлы етуді жоспарлады. Айгүл Төленовтер әулетіне келін болып түскелі де көп нәрсеге үйреніп қалды. Көсіліп жатқан жер болмаса да, аула ішіндегі бос орынды ұқыпты пайдаланып отыр. Бір бұрышта қызанақ, қияр, сәбіз, аскөк, болгар бұрышы және баклажаннан өнім алу үшін баптау, екшеу жұмыстарын үйлестірсе, енді бір шетінде алма, жүзім, өрік, шие, алмұрт теректері жеміс беруде. Аулаға енгеннен-ақ бір өзгеше леп еседі. Айнала жасыл желек. Бір-бірімен үйлесіп, үндесіп жатқан тал теректер адал еңбектің өтеуіндей көзге ұрады. Ауланың бір бұрышында кішкене үйшік тәрізді қоршау тұр. Мұнда көктем мезгілінде өсімдіктер егіліп, жазғы уақытқа тұқым дайындалады.

Тыным таппайтын еңбекқор жан ала таңнан тұрып, бақшасын суарып, арам шөбін жұлып, оны аса ынтазар көңілмен атқарады. Бұл – осы үйдің отанасының сүйікті ісі. Үй алдына отырғызған гүлдері де жайқалып тұр. Күз мезгілінде дайын өнімнен салаттар жасап, қысқы дастархан мәзіріне сақадай сай қылып қояды екен. – Бақша салғаныма жиырма жылдай уақыт болды. Жыл сайын көкөністерге тұқым дайындаймын. Әрқайсысынан 200 түп егемін. Сиыр қиын ойып, топырақпен араластырып, тыңайтқыш әзірлеймін. Әр жеміс-жидекке түрлі күтім қажет. Мәселен, қызанақты түйнек салғаннан кейін үш-төрт күнде бір-ақ суару керек, — дейді Айгүл. Еңбекқор жанның ертеңгілік жұмысқа әріптестерінен бір-екі сағат бұрын келуі – күнделікті дағдысы. Бағбандықты сүйікті ісі деп біледі. Бүгінде 4 қыз,1 ұл тәрбиелеп отыр бұл отбасы.

Жалбыз (мята) шөбін кептіріп, пайдасына жаратады. Бұл өсімдіктің жоғары қан қысымы дертіне дауа екенін айтады. Адамға жайлы әсер сыйлайтын қасиеті бар көрінеді. – Әр жылдың көктем мезгілін асыға күтіп жүремін. Өсімдік біткен адамды тыныштандырып, сабыр береді. Түстен кейін жұмысқа барып келіп, жұмыстан кейін балаларымның тамағын беріп болған соң, түнге дейін отағасымен бақша ішінде жүремін. Жалықпаймын. Арам шөбін жұламын. Суарамын. Теректердің сынған жерлерін байлап, күнделікті өнімдерді жинаймыз. Әлсіреп тұрған көкөністер болса, оларды ерекше күтімге аламын. Әйтеуір, бар ермегіміз сол бақша ішінде. Тосап қайнатып, компот (нәрсу) дайындаудан қолы бір босамайтын еңбекқор ана қазір де қысқы әзірлік қамында. Иә, Жер-ана төсінен нәр алып, «Еңбек етсең, емерсің» деген берік ұстанымды қазық еткен Төленовтер тірлігі үлгі аларлық.

Г.ИГІЛІКҚЫЗЫ,

сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521