Елімізде қазанның соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесі тойланады. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде сала қызметкерлеріне арналған салтанатты кеш өтті. Ең өзекті құрылымда аянбай еңбек етіп жүргендер марапатталып, сый-құрметке бөленді.
Бүгінде ауданда зейнетінен бейнеті көп салада 12 маман жұмыс істейді. Ал, аталмыш қызметке мұқтаж ауданда - 49 тұрғын бар.
Шара барысында аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы қызметкерлерді төл мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, жұмысымен ерекшеленген қызметкерлерді облыс, аудан әкімінің және облыстық, аудандық мәслихат хатшысының алғыс хаттарымен марапаттады.
Атап айтсақ, облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының алғыс хатына аудандық жұмыспен қамту және АХАТ бөлімінің бас маман-есепшісі Балнұр Примбетова және облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллиннің алғыс хатына аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Самал Сатыбалдиева ие болса, аудан әкімі Шәкір Кейкиннің алғыс хатымен аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының қызметкерлері Дәржан Иманғалиева, Бибігүл Қанатбаева және орталықтың есепшісі Жұлдыз Жұмабек марапатталды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмагуловтың алғыс хаты аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының қызметкерлері Маруся Закарина және Айгүл Құрманғазиеваға табысталды.
Келесі мінберге шығып сөз сөйлеген аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Тыныштық Есжанова құттықтау сөз сөйлеп, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешоваға алғыс хат және естелік сыйлық табыс етті.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнер ұжымы ән мен биден шашу шашты.
М.ІЗТҰРАҒНОВА
Суреттер автордікі