Баспаналы болудың да өз ережесі бар

(0 Votes)

Еліміздегі өзекті проблемалардың бірі – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Баспананың адам өміріндегі маңызы туралы айтып жатудың өзі артық. Алайда, қай кезеңде, қандай қоғамда болмасын, оған қол жеткізу көпшілік үшін оңай соқпайды. Сондықтан да, Қазақстан Респуб­ликасы өз азаматтарының баспаналы болуы үшін мүмкін болар барлық жағдайды қарастырып келеді.

Бұл ретте ауданда соңғы жылдары қар­­қынды жүрген тұрғын үй құрылысы биыл да сол дең­гейден түспегенін атап өту керек.

Аудан бойынша «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы шең­берінде Доссор кентінде 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, Мақат кентінде құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Иә, Доссор кентіндегі тұрғын үйдің кілті табысталар күн де алыс емес. Дегенмен, пәтер алудың да бекітілген өз ережелері бар. Ережеге сәйкес, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінде баспанаға мұқтаж азаматтар тізімінде тұрғандарға үй кезек реттілігімен сатып алу құқығынсыз шексіз мерзімге жалға берілетін болады. Бұл «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Репсубликасы Заңында келтірілген.

Бүгінгі күні аймақта тұрғын үй алуға бес санат бойынша кезекке тіркелгендер саны 625 азаматты құрап отыр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатымен – 223, көпбалалы отбасылар санаты бойынша – 99, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшілері – 184, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар санаты бойынша – 102, жетім және тұлдыр жетім санатымен – 17 азамат тіркелген. Ал, баспана қандай жағдай болмасын, тек кезекпен ғана беріледі.

Жалпы, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасының 5.1.1 тармағына сәйкес үйді бөлуде үстемдік көп балалы отбасы санатына жататындарға беріліп отыр. Сәйкесінше, Доссор кентіндегі тұрғынжайдың 38 пәтері аудандық тұрғын үй комиссиясы шешімі негізінде көп балалы отбасы санатындағыларға бөлінді. Ал, әлеуметтік жағынан осал топтағыларға – 8 пәтер, бюджет ұйым қызметкерлеріне – 6 пәтер, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға – 4 пәтер, жетім және тұлдыр жетімдерге – 4 пәтер берілетін болды. Бүгінгі күні үй берілетін азаматтардың тізімі жасақталып, коммисияда қаралуда. Баспана бақытына ие болғандардың тізімі тұрғын үй комиссиясымен нақты бекітілгеннен кейін он күн ішінде аудан әкімдігінің әлеуметтік желілерінде және баспасөз бетінде жарияланып, Мақат, Доссор кенттерінің және Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімдіктерінің ғимараттарына ілінетін болады.

Бір ескерерлігі, аталған пәтерлер жеке меншікке өтпейді. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына сәйкес жекешелендіру құқығынсыз, ұзақ мерзімге жалға берілетін болады.

Сондай-ақ, жалдамалы пәтер алатындар алдағы уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" ипотекалық тұрғын үй алу бағдарламаларына қатыса алмайтынын да ескеру қажет.

Десе де, алдағы уақытта да қоныс тойын тойлаған өңір тұрғындарының саны артуы үшін барлық бағытта жұмыстар жүргізіле беретін болады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT