Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет. Ата-бабаларымыз ықылым заманнан біреу бақытсыздыққа ұшырағанында немесе үй–мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары болып мал, дүние, ақшалай көмек көрсетіп жылу жинап берген. Ал бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары асарға шақырылған.
Бүгінгі күні жылу жинау мен асарлату дәл бұрынғыдай кеңінен таралмаса да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу жиі кездеседі. Халық ақша аударудың заманауи тәсілі арқылы «танымасын сыйламас» деп бөле-жармай, еліміздің қала берді әлемнің кез-келген бұрышына қалтасынан ауысқан қаржысын жібереді. Осылайша біздің берген 1000, 2000 теңгелереміз тамшыдан құралған көлдей біреулердің бас уайымын шешуге көмек береді. Біздер болсақ адамға Алла жіберген жақсылық шарапаты тиюіне себепкер болып, сауапта қаламыз.
Мұқтаж жан мен көпшіліктің арасында алтын көпір болатын – қайырымдылық және еріктілер ұйымдары. Солардың бірі барша Қазақстандықтарға жақсы таныс - «Asar-Ume» қоры. Жүздеген отбасының баспаналы қылған аталған қор ағымдағы жылдың сәуір айында доссорлық бір жанұяның үйлі болуына септіктерін тигізген еді. Енді міне, қасиетті жұмаға тұспа-тұс келген қазан айының 15-і күні «Asar-Ume»-нің «50 отбасы, 300 бала» акциясы аясында доссорлық тағы 2 жанұя қуанышқа кенелді. Ол ұйымға жергілікті жәрдемге шын зәру отбасыларды тауып беруде Талғат Құсайынов атты азамат пен «Айналайын баладан» қоғамдық қорының үлесі зор. Өйткені олар 2 отбасы хабарласқаннан бастап, құжаттарын реттеп, көп жылдар бойы күткен баспаналарына қол жеткізгендеріне дейін қастарында жүрді. Қуанышты шарада шаңырақ иелерінің туыстары шашу шашып, ауыл молдасы Құран оқыды.
«Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен, шет мемлекетте жүрсе де жүрегі ауылым деп соғатын Талғат Құсайыновтың бастамасымен, біздің ұйымдастыруымызбен, «Asar-Ume» қоғамдық қорының жетекшілігімен 2 көп балалы жанұя баспаналы болып жатыр. Біреуіне 4 млн 600 мыңның дара үйі, біреуіне 4 млн 500 мыңның үйі ішіндегі жиһаздарымен бірге сатылып алынды. Екі жанұяның қуанышының арқасында үй кезегінде тұрған басқа отбасылардың кезектері алға жылжып, бір жақсылық бір жақсылыққа себеп болуда. Әр баланы бақытты ету, әр адамның азаматтық борышы», - дейді «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина.
Үйлі болғандардың алғашқысы 6 баланы өсіріп отырған жалғызбасты ана Сәния Бәйімбетова. «Бізге көмегі тиген баршасына Алла разы болып, алдарынан ақ күн тусын деймін, - деп алғысын жаудырды ол. Екінші отбасы 5 балалы Берік Айтекешов пен Айнагүл Жақсылықова. Отағасының денсаулығында кінәрат бар. Олар осы уақытқа дейін пәтер жалдап жүруге мәжбүр болған.
Эльмира Мусинаның айтуынша, Алматыдан арнайы келіп тексерген «Аsar-Ume» қоғамдық қорының мүшелері баспана тапсырарда бала санына, отбасындағылардың денсаулық жағдайларына және балалардың өнер мен білімде жеткен жетістіктеріне назар аударған. Бірақ комиссияның тексерісіне сенімсіздікпен қарап басындағы бағынан айырылып қалып жатырғандар да бар көрінеді.
Киіз үйдің заманы келмеске кеткен ХХI ғасырдың отырықшы қазағы үшін баспанадан асқан мәселе жоқ шығар. Бұл отбасылырдың қуанышы – балаларының несібесі. Әрбір көп балалы жанұямыз кең сарайдай үйде тұрса ғана біздің нағыз дамыған елге айналғанымыз. Барлық мұсылман садақаны берекенің кілті деп танып, қазақтар даласындай кең пейілінен айырылмаса ешбір бүлдіршініміз далада қалмас.
А. Есжан