Ауданда «Коронавирус COVID-19» деп аталатын пневмония індеті таралуының алдын алу бойынша өңірлік штаб құрылды.
Осы мақсатта коронавирус инфекциясының тарау қаупінің алдын алу және санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту мақсатында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева төрағалық етіп, Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі Қоныс Төлеуов, Мақат кенті әкімінің міндетін атқарушы Гүлбаршын Назарова жауапты орган жетекшілері мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Мақат станциясы, аудандық полиция бөлімі және желілік полиция, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, ӘТЖК теміржол күзеті, аудандық орталық аурухана, аудандық іші саясат бөлімі, аудандық теміржол вокзалы, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары мен мамандары қатысты.
Аудан көлемінде қауіпсіздікке қатысты жасалатын жұмыстар жөнінде аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гауһар Тоғаева баяндады. Вирус транспорт (әуе, теміржол, кеме т.б) арқылы таралатын болғандықтан аудан үшін қауіптісі теміржол екені айтылды. Сала басшысы теміржол жолаушыларынан келетін қауіп кезінде орындалатын іс-қимыл алгоритімін баяндап өтті. Жалпы ауданымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан мекен. Өлкемізден күніне 14 жолаушылар пойызы өтеді. Оның ішінде халықаралық және республикалық қалаларды қатынайтын пойыздар да бар. Сондықтан жолаушылар арасында вирусты жұқтырған күдікті анықталса, атқарылатын шараларды егжей-тегжейлі айтып өтті.
Сондай-ақ, маска тағудың да өзіндік ережелерін сақтау айтылды. Жалпы бір реттік маскаларды 2-3 сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Сонда 1 адамға күніне 8 маска есептелінеді. Жалпы сау адамға маска тағудың қажеттілгі жоқ екенін айтылды. Жеке гигиенаны қатаң сақтасаңыз болғаны.
Бұл жағдайдан кейін халық арасында азық-түлікті жаппай сатып алу мәселесі туындаған еді. Жиын барысында елімізде жарты жылға жетерлік қосымша тамақ қоры бар екені айтылып, халықты дүрлікпеуге шақырды. Сондай-ақ, маска және азық-түліктің бағалары көтерілмеуін қатаң бақылауда ұстайтындықтарын айтты.
Шара барысында аудандық орталық ауруханасының басшысы Батырбек Ондасынов аудандық аурухананың инфекциялық орталығының базасы негізінде ауруды жұқтыруы мүмкін науқастар үшін қосымша 15 кереуеттер қойылғанын және аудандағы туберкулез ауруханасында 200 орын науқастарды оқшаулауға дайын тұрғанын жеткізді.
Шекара аспауға ел тұрғындарына кеңес берілсе де, ауданда жақын күндері 6 адам Дубайға барып келгені белгілі болды. Шет елден келген жолаушылар 14 күнге үй карантиніне жатқызылып, ешқандай ауру тіркелмегені айтылды. Сондай-ақ, Қытай шекарасындағы Хоргос сауда қаласына ауданның алты (Мақаттан – 4, Доссордан – 2) кәсіпкер қатынас жасайтыны белгілі болды. Дегенмен кәсіпкерлер соңғы рет шекарадан желтоқсан айында шыққан екен.
Жалпы ауданда сала мамандары қауіпсіздік шаралары бойынша 40-тан астам мекеме қызметкерлеріне сақтық шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алдағы уақытта эпидемиологиялық шараларды күшейту белсенді жүргізілетін болады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева тиісті сала басшыларына қауіпсіздік шараларын күшейтуге байланысты бірқатар тапсырма берді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі