Өркениетке апарар жол – тазалық

(0 Votes)

Бүгінгі Ұлттық құрылтайда айтылған ойлар ел дамуының тек ірі реформалармен емес, күнделікті өмір салтымен өлшенетінін айқын аңғартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – экологиялық немесе тұрмыстық бастама ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртудың өзегі.

 

Президент атап өткендей, тазалық – ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен басталады. Көшені таза ұстау, аулаға жанашырлықпен қарау, қоғамдық орынға жауапкершілікпен қарау – бұл ұсақ-түйек емес. Бұл – азаматтың елге деген құрметінің көрінісі. Таза орта – таза ойдың, ал таза ой – берік қоғамның негізі.

 

«Таза Қазақстан» әдемі ұранға немесе бір реттік науқанға айналмауы тиіс. Бұл – күн сайын қайталанатын, көзге көрінбейтін, бірақ елдің болашағын айқындайтын еңбек. Қоқысты жерге тастамаудан бастап, қоғамдық тәртіпті сақтауға дейінгі әрбір әрекет – осы идеяның өміршеңдігін көрсетеді.

 

Тазалық тәртіпті қалыптастырады, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады деген тұжырым – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Егер осы қарапайым, бірақ терең мағыналы қағиданы жас ұрпақтың санасына сіңіре алсақ, біз тек таза көшелерді ғана емес, жауапты, саналы қоғамды қалыптастырамыз.

 

Өркениетті ел болу – зәулім ғимараттармен немесе даңғаза жетістіктермен өлшенбейді. Ол ең алдымен адамның күнделікті іс-әрекетінен, ортаға деген қарым-қатынасынан көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» – болашаққа бастайтын нақты жол, ұлттық идеологияның өміршең тетігі.

 

Исатай ауданында тазалық мәселесі әрдайым назардан тыс қалған емес. Көшелер мен аулалардың, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту бағытында күнделікті жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Алайда тазалықты тек мекеменің міндеті деп қарау – қате түсінік. Президент айтқандай, тазалық ең алдымен әр азаматтың адал ниеті мен таза пейілінен басталады.

 

Таза көше, ұқыпты аула, ретке келтірілген орта – бұл тұрғындардың өз өміріне, өз болашағына деген құрметінің көрінісі. Тәртіп бар жерде жауапкершілік қалыптасады. Ал жауапкершілік – дамыған қоғамның басты белгісі. Осы ұстанымды жас ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 

«Таза Қазақстан» қағидаттары аясында алдағы уақытта да Исатай ауданында абаттандыру, санитарлық тазалық, инфрақұрылымды күтіп-ұстау жұмыстары жалғасын табады. Бұл ретте тұрғындардың белсенділігі мен түсіністігі шешуші рөл атқарады. Тазалық – тек қызметтің нәтижесі емес, бұл – күнделікті дағды, ортақ мәдениет.

Тазалықты талап емес, өмір салтына айналдырғанда ғана біз ілгері қадам басқан, озық ел боламыз.

 

 

 

Азамат ЖУНУСОВ,

«Атырау облысы Исатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Таза Исатай» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT