Малшы қауым үшін мал төлдету науқаны - аса бір жауапты кезең. Тек төрт түлік ұстағандарға ғана емес, бұл бүтін бір ауыл шаруашылығы саласы үшін де маңызы зор науқан. Осыған орай аудан орталығынан 12 километр жерде орналасқан ел аузында «Білеулі ата» аталатын қыр басында болып, осы шараның өту барысымен, малшы қауымның хал-жағдайымен танысып қайтқан болатынбыз.
Мұнайлы өлкеде мал шаруашылығын қолға алған іскер әйел тұрады. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған Балтагүл Едігеева бұл іске бес жыл бұрын кіріскен. Ол Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорынан несие алып, бүгінде ата кәсіпке ден қойып отыр. Шаруасын шалқытып, төскейге мал өргізген нәзік жанның шаруа қожалығы анасының есімімен «Батиха» деп аталады. Алдымыздан емен-жарқын қарсы алған аталмыш шаруа қожалығының жетекшісі Балтагүл Едігеева іске мығым, малға үйірсек жан екенін аңғартты.
Кәсіпкер 2015 жылы 3 миллион теңге несие рәсімдейді. Ол қаражатқа 10 сиыр және азды-көпті ұсақ мал алады. Қазір мал басын еселеп, кәсіптің нәсібін көруде. Әйел заты үшін жазда жайлауда, қыста қорада төрт түліктің бабын жасау оңай емес. Дегенмен қолға алған істі әрі қарай дөңгелету үшін шаруа әлі де біраз тер төгемін дейді.
«Алғашқы жылдары бастағанда қиындығы болды. Қазіргі таңда бұл саланың қиындығы сол: мал бағатын адам жоқ. Арасында жалғыз қалатын уақыттарым да болды. Қазір бәріне төселіп үйрендік. Бұл мал шарушылығы өте қажырлы, тынымсыз еңбекті талап етеді. Күндіз-түні тынбай еңбек ету керек. Жалпы жеке кәсіпкерлікті 1995 жылы саудамен айналысып бастадым. Ал, 2015 жылдан бастап ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға жұмыстанып жатырмын»,- дейді шаруа.
Осыдан бес жыл бұрын 5 шыбыштан бастаған шаруаның қорасында қазір жүз бас ешкі, елу бас қойы бар. Әлі де мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Бүгінде қожалықта қозы мен лақтың маңырауынан құлақ тұнады. Өйткені мал төлдеу науқаны ерте басталып, шаруа нағыз қарбаласта жүр. Малшының бір малы екеу болып, қырда қозы-лақтары асыр салған көрініске көз сүйсінеді. Қазір шаруашылықта жүзге жуық ойнақ салған сүп-сүйкімді қозы, лақтар сайран салып жүр. Бізге таңырқай қарап, тіпті біреулері иіскелелеп жатырды...
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі