Ыстығы бір жыл бойы сағындырмастай болған жаз айлары аяқталып, күнтізбе бойынша күз де келіп жетті. Тарихқа көз тастасақ, 1 қыркүйекте әртүрлі атаулы оқиғалар орын алғанымен ең бастысы бұл - білім күні. Балапанды санайтын уақытта ата-анасының балапандары алты жасар Алпамыстай алғаш рет мектепке барады. Былтыр карантинге байланысты мектептен тарыдай боп кеткен ортаңғы сынып оқушыларының өзі араға жыл жарым сала таудай боп оралып жатқанда бірінші сыныптар қандай форматта оқиды деген сұрақ туындамады.
Ауданымыздағы алғашқы қоңырау соғылған 9 мектептің бірі – Абай Құнанбаев атындағы орта мектеп. Қабырғасынан талай дарындар түлеп ұшқан Доссордағы ең тарихы терең білім ордасында бүгінгі күні 447 оқушы тәлім алады. Оның 40-ы аға-апаларының жолымен беткеұстар шәкіртке айналамын деп мектеп табалдырығын алғаш аттағандар. Салтанатты шара да санитарлық талаптарға байланысты еліміз бойынша бірінші сыныптар үшін ғана өтті. Басқалары әртүрлі уақытта ұйымдастырылған өз кабинеттеріндегі сынып сағаттарына ғана жиналды.
Биылғы оқу жылын жаңа директормен бастаған Абай Құнанбаев мектебінің алғашқы қоңырауына оқушылар, ата-аналар, мұғалімдерден бөлек Мақат аудананың әкімі Шәкір Кейкин мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев қатысты. Алдымен ортаға 11 жыл бойы блім нәрімен сусындамақ ақ ниеттерімен мектепке аяқ басып тұрған бір-бір үйдің еркелері шықты. Басқа жақтағыдай Ы-ға дейін жетпесе де, А мен Ә сыныптары болып бөлінген жәйлары бар. Оларды алдағы 4 жылдықта қамқорлықтарына алып, зейіндерін ашатын сынып жетекшілері – Әйгерім Аманжол мен Гүлшат Хайруллина. Гүлшат Серікбайқызы - Абай Құнанбаев атындағы мектепте 26 жылдан бері қызмет етеді. Шәкірттерінің алды жігіт ағасы боп қалған ол биыл 6-ыншы рет сынып қабылдауда. «Әліппемен» қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Оқушыларымыз саналы тәрбие, сапалы білім алады деген ойдамын», - дейді ардақты мамандықтың иесі.
Әскери киім киінген оқушылар ту әкеліп, әнұран шырқалғаннан кейін сөз алған оқу ордасының басшысы Жақсылық Ұнағанов жиналған жұртта білім күнімен құттықтап өтті. Содан кейін Анель Мақсоттың орындауындағы «Мың алғыс саған ұстазым» әні көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Келесі болып мінберге көтерілген Шәкір Кейкінұлы: «Онлайн оқу жүйесінен жақсы нәтижемен шықтық. Үздіктеріміз жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарына түсті. Бірақ қалай дегенмен де қашықтықтан оқыту кері әсерін тигізбей қоймайды. Індетті жеңіп, айқара ашылған мектептеріміздің есігі қайта жабылмасын. Балаларын ертіп келіп тұрған ата-аналарға рақмет, ал ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін», - дей келе Айбол Темірбайұлымен бірге бірінші сынып оқуышларына «Әліппе» кітаптарын тапсырды. Айта кететіні, биыл мектепке оқушылар оралса, оқуышаларға «Әліппе» қайтып оралды. Ғалым мен жазушы атанғандардың өзіне хат танытқан оқулық Ахмет Байтұрсынұлының жасаған үлгісі бойынша жазылған.
Ата-аналар атынан сөйлеген Қиынша Нұрғанова: «Мерекеміз ұзағынан болсын! «Балам - балым, баламның баласы – жаным» демекші, олар бізге Алланың берген аманаты. Сол аманатымызды сіздерге тапсырайын деп тұрмыз. Алып-қашапа әңгімелерге сенбейміз. Дейтұрғанмен көңілде күдік бар. Ауданнан келген басшылардан сұрайтынымыз - балаларға вакцинаның салынбауы. Себебі оны баланың иммунитеті көтеретініне кепілдік жоқ», - деп ата-аналарды алаңдататын мәселеге тоқталып өтті. Бұған байланысты әкім мен білім бөлімінің басшысы «балаларға екпе ектіреді деген әңгіме жүріп жатырған емес, сондықтан ешқандай даурығудың қажеті жоқ» деп жауап берді.
Бірінші сынып оқушылары Әмина Сембай мен Салауат Қанатқалидың ортаны бір айналып қоңырау үнін сыңғырлатып шығуларымен салтанатты жиын да мәресіне жетті. Біз де құлағымызға жағымды боп кеткен сол бір үнді өміріндегі ең бір үлкен қадам жасап отырған бүгінгі балдырғандар онлайнға үйренбей, 11 жыл бойы арасы үзілместен естіп өтсін деп тіледік. Себебі ауыл көшесін жандандырған оқушылар мектептің де сәні екені сөзсіз.
Асылбек Есжан