Тыл ардагерінің тағылымды жолы

(0 Votes)

 Сұм соғыс тарих қойнауындағы ең ауыр зұлматтардың бірі болды. Төрт жыл бойына жұмыр жер мен Отанды қорғау үшін, келешек ұрпақ үшін жан аямаған майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша күресті. Ол уақытта қанаты қатайып, қабырғасы бекімеген балаларға да үлкен жүк артылып, жауапкершілік жүктелді. Бірі совхоздың жұмысына араласып, қой қоздатып, сиыр бақса, тағы бір жартысы көктемде егін отырғызу жұмысына, ал күзде орақ науқанында егін жинауға көмектесетін.

 Осылайша балалар ауылда қалған ата-әжелерімен бірге жұмыс істеп, қан майдандағы ата-әкелерінің жеңіске жетуіне тамшыдай үлесін қосады. Сондай жандардың бірі жерлесіміз - Ханым Сүгірова.

Ол 1938 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, бұрынғы Тамдыкөл кеңшарында өмірге келген. Алғаш білім жолын 10 жылдық Көптоғай мектебінде 7 жылдық білім алып шыққан.

«Ерте жастан еңбекке араластық, оның үстіне соғыс кезінде жұмыс таңдау жоқ, нені бұйырады, соны істейсің. Балалығымыз басылмаған жаста болсақ та басқа жұмысшылардың балалармен кім көп егін жинайтынына бәстесіп, жарысып ойнаушы едік. Қазіргідей ойыншықтар деген атымен болмады. Үлкендер қайда жұмсаса соған кетеміз. Күндіз де, түнде де, тұрсақ та, отырсақ та соғыс тез аяқталса екен деп тілейміз. Әлі есімде, қасымда Қали, Жапи деген қыздар болды. Бәріміз бірге шөп жұлдық, егіндегі шегірткелерді қуалап, келтек тердік. Ұйықтап жатқан жерімізден бригадирлеріміз тұрғызып алып, жұмыс жасататын. Екі-үш адам бірігіп сиырларын жегіп, қолсоқамен жер жыртатын еді. Ал бізге қолмен орылған егіннің қалғанын жинау жұмысы күтіп тұратын», - деп кейіпкеріміз тылдағы жылдарын еске алды.

Ата-бабамыздан «Еңбек ширатады, өмір үйретеді» деген сөз қалған. Бұл ғибраттың астарында ғұмырлық терең мағына жатыр. Ықылым заманнан маңдай термен тапқан нанның дәмі таңдайға татитынын біліп өскен жандар.

«Анам үнемі ауыр жұмыстар жасайтын. Бір күні анамнан еккен егіннің, артық тамақтардың қайда кететінін сұрағанмын. Сонда апам «жеңіске жету үшін, сенің келешегің мен келер ұрпақ үшін» деп майдан даласында Отанымызды қорғап жүрген жауынгер батырларға жіберетінін жеткізді. Ол сөз маған қатты әсер етіп, одан кейін жұмысты құлшыныспен жасай бастадым. Осы сөзді есіме түсіремін де қолым ауырғанша қолдиірменді айналдыратынмын. Соның әуресімен жүріп, күз келгенін байқамай қалатынбыз», - деді тыл ардагері.

Иә, ел басына күн туып, еркек кіндікті атқа мінген шақта елдегі елең-алаңнан ел жатқанша тыным көрмеген еңбекқор, қаршадай қыздың төккен тері – бүгінгі тыныштық заманның кепілі.

Кейіпкеріміздің айтуынша, соғыс бітіп, жеңіс туы биікке көтеріледі. Алайда кеңшар тарайды да інісі екеуін Мақат ауданына ағасы көшіріп әкеледі.

«Мақатқа Ақым деген апамның қолына көшіп келдік. Інім осы жақта оқыды. Бұл жақта да тың игеру жұмыстарын жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласында қызмет еттім. Кейіннен теміржолда жасадым. Артынша тұрмыс құрып, бала-шағалы болдым. Қазір бәрі бір-бір азамат болды. Өз алдына бала-шағалары, немере, жиендерім бар. Соғыс бізді ерте есейтіп, бірігуге үйретті. Ендігі жерде соғыс болмасын деймін, біз көрген азапты күндерді өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың басына бермей, береке мен тыныштыққа күн кешейік», - деді кейіпкеріміз.

Иә, бұл соғыс ұрлаған қаршадай қыздың балалығынан бір ғана тарих жолы. Қаншама естілмеген, айтылмаған сыры бары белгісіз. Өздері ашқұрсақ жүрсе де соғыста жан беріп, жан алысып жүрген жауынгерлер үшін тынбай жасаған еңбегі болатын.

Г.МӘМБЕТҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT