Қос майданның қаһарманы

(0 Votes)

 Қан кешкен жылдар… Қайғы жұтқан үйлер… Жауға алдыңғы шепте қайсарлықпен шайқасқан қазақ жауынгерлері… Бұл – Ұлы Отан соғысының шынайы бейнесі. Шаң басқан тарих беттерінен емес, әрбір отбасының жүрегінен орын алған қасіретті жылдар.

 Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Бұл соғыс әр үйдің есігін қақты. Біреудің әкесін, біреудің баласын, біреудің жарын жалмады. Қаншама отбасы қара қағаз алып, қара жамылды. Ауылдағы үнсіз қалған қақпалар мен иесіз қалған ошақтар – тарихтың өшпес табы.

Сарғайған сайын қадірі арта түсетін тарихтың ақ парақтары ішінде Ұлы Отан соғысының орны ерекше. Бұл – сан мыңдаған тағдырдың сынға түскен, өр рухты ерлердің ерен ерлігімен тарихта қалған кезең. Осындай қилы заманда елін, жерін қорғауға аттанған боздақтардың бірі – Қабдол Мұханбетов болатын.

Ол Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосында дүниеге келген. Кейін отбасымен бірге мұнайлы мекенге қоныс аударған. Сұрапыл соғыс басталған сәтте Қабдол Мұханбетовке әскерден шақырту келіп, осылайша ол қан майданға аттанады.

Өмірінде қолына қару алып көрмеген жас жігіт Отан үшін барлық әскери машықтарды меңгеріп, алты ай бойы ұрыс даласына дайындалады. Сөйтіп, ол майдан даласына аттанып, ел мен жер үшін қасық қаны қалғанша күреседі. Ал 1942 жылы Сталинград түбіндегі сұрапыл айқастарда алғы шепте шайқасып, жауынгерлік міндетін абыроймен атқарды.

Майдан даласында оқ пен оттың арасында жүріп, жауға қарсы шеп құру оңай болған жоқ. Бір оқ – бір тағдыр. Жанындағы серігіне қарап серттескен солдаттар бір сәтте қаза тауып, екіншісі келесі шабуылға шықты. Сондайда ерлік пен өлімнің арасы қыл көпірдей болған.

Бірнеше соғыс операциясын бастан кешірген Қабдол Мұханбетов сол жылдың қараша айында ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Ұзақ уақыт бойы госпитальда ем қабылдағаннан кейін батыр елге оралады.

Туған жерге оралғаннан кейін батыр ауыр жарақатына қарамастан тылдағы жұмыстың бел ортасынан табылды.

Тылдағы еңбек – жеңістің жалғасы. Майдан даласындағы ерлік пен тылдағы еңбек – егіз ұғым. Бірі – оқпен, екіншісі – термен келген жеңіс. Қабдол Мұханбетов – осы қос майданның да қаһарманы.

Көп ұзамай Жеңіс туы желбіреп, ауылға да сүйінші хабар жетеді. Бұл Жеңіс – зеңбірекпен ғана емес, жүрекпен келген жеңіс. Бұл – от пен оқтың арасынан тірі шыққан жандардың жанымен келген жарық таң еді. Сол жарық таңның атуына Қабдол Мұханбетов те жан аянбай күресті.

Жеңіс туы желбірегенмен, соғыстың салдары халықтың тұрмысынан оңай кеткен жоқ. Жауға қарсы күрес майдан шебінде аяқталғанмен, ендігі ұлы күрес – бейбіт өмірді қалпына келтіру еді. Ел еңсесін тіктеп, тозған шаруашылықты қайта жандандыру – сол жылдардың ең ауыр міндетіне айналды. Соғыс біткенмен күрес аяқталған жоқ. Майдангерлердің көбісі елге оралған соң демалысты емес, жұмысты, бейбіт күннің бейнетін таңдады. Соғыс аяқталғаннан кейін Қабдол Мұханбетов мұнай саласында еңбек жолын жалғайды. Осылайша 1946–1978 жылдар аралығында «Ембімұнай» бірлестігінің мұнай өндіру басқармасында әртүрлі қызметтер атқарған.

«Әкемнің өмір жолы – тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір ұрпақтың бейнесі. Ол майданнан келген кейін де екі қолға бір күрек деп кез келген жұмысты жасады. Өйткені әкем бейбіт өмірдің бақыт екенін жақсы білді. Сондықтан әрбір еңбек күні – ол үшін Отанға деген адалдықтың жалғасы еді», – дейді ардагердің ұлы Болат Мұханғалиев.

Бастапқыда мұнай дайындау цехында оператор болып қызметке орналасқан ол қажырлы еңбегінің арқасында мұнай-газ өндіру жөніндегі аға оператор болып жоғарылайды. Кейіннен еңбек нормалау инженері, аға шебер сынды жауапты жұмыстарды атқарып, үздік жұмыскер ретінде танылды.

«Әкем өте қарапайым, еңбекқор, сабырлы жан болатын. Соғыс туралы көп айта бермейтін.Тек кейде бір сәт үнсіз отырып, көз алдына елестеткендей болып кететін. Бізге әрдайым: «Еңбектен қашпаңдар, елдің, жердің қадірін біліңдер», – деп айтып отыратын. Ол кісінің бойындағы табандылық пен шыдамдылық – біздің отбасымыздың темірқазығы болды. Біз әкеміздің ерлігімен әрқашан мақтанамыз. Оның ерлігі – біз үшін өлмес өнеге», – дейді ардагердің ұлы.

Батырдың сұм соғыста көрсеткен еңбегі еленіп, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», Жеңістің әр жылдарындағы мерекелік медальдармен, сондай-ақ «КСРО Қарулы Күштерінің 50 жылдығы» медалімен марапатталды.

Қабдол Мұханбетов 1978 жылы дүниеден өтті. Бірақ оның өмір жолы, Отан алдындағы адал қызметі – біздің жүрегімізде. Осындай тұлғалардың арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Азаттықтың ақ таңында өмір сүріп жатқанымыз – сол батырлардың жеңісімен келген бақ!

«Атамды мен көрмесем де, ол туралы естеліктер біздің үйімізде үнемі айтылатын. Әсіресе Жеңіс күні жақындағанда әкем мен анам ерекше бір салмақпен еске алатын. «Атам соғыс туралы үндемесе де, әр Жеңіс күні – ол үшін ауыр әрі қасиетті күн болды» деп айтатын.

– Әкем айтып беретін: бірде атама «Соғыста қорықтың ба?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Қорқу – әлсіздік емес, тірі қалғаның үшін ұялу – ауыр. Бірақ біз отты жылдарды артта қалдырдық – бұл жеңістің емес, шыдамның жемісі» – деп жауап берген екен. Бұл сөз менің өмірлік ұранымдай болып қалды»,– дейді батырдың немересі Жанат Қабдолова.

Ұлы Отан соғысы – халқымыздың бастан кешкен ең ауыр, ең азапты жылдары. Сол бір сұрапыл сәттерде өмірдің өзі майданға айналды. Біреулер алдыңғы шепте жауға қарсы күресті, енді біреулер тылда түн ұйқысын төрт бөліп еңбек етті. Ажал деген сөз тіршіліктің ажырамас серігіне айналған-ды. Соғыс күнделігінде қуаныш сирек, ал сағыныш пен қайғы басым болды.

Ұрпақ қолындағы еркіндік – кешегі боздақтардың арманынан жаралған. Біз соны ұмытпауға тиіспіз. Соғыс жайлы айту – өткенді қозғау емес, болашақты сақтау. Өйткені бейбітшілік – үнсіздік емес, ол – естелікке айналған күрес.

Бүгінде біз – ұрпақ сол ұлы ерлікті мәңгі есте сақтауға тиіспіз. Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Біз – бейбіт күннің қадірін біліп, аталарымыз бен әжелеріміздің жанқияр ерлігіне тағзым етуіміз керек.

Ұлы Жеңіс – тек өткеннің естелігі емес, болашаққа үлгі, ұрпаққа аманат. Ерлік пен елдіктің символына айналған бұл күн – тарихымыздың мәңгілік шежіресі.

Біз бейбіт күннің қадірін білуге, ата-бабамыздың ерлігіне тағзым етіп, келер ұрпаққа ата-баба ерлігін насихат етуіміз керек. Ерлік – ешқашан ұмытылмайды. Ол – елдің жүрегінде, ұрпақтың санасында.

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT