ҚОС СОҒЫСТЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

ҚОС СОҒЫСТЫҢ ҚАҺАРМАНЫ
(0 Votes)

Арнасы кең, түбі терең Жайық өзенінің сонау бір жылдардағы келбеті ғажап еді. Кербез керілген, қыз күлкілі өзен жағасында жайқалған жасыл желегімен ғана емес, төсінде алтын күннің сәулесі ойнаған сұлу айдынында әрі-бері жүзген кемелерімен де көз тартатын. Кейде ұзындығы шамамен жиырма метрдей үстіне құрылыс материалдарын тиеген алып баржалар өткенде өзен жағасын асау ақжал толқындар көміп кететін. Ал «Заря» деп аталатын жолаушылар кемесімен сарайшықтықтар сонау Атырау қаласынан бастап, оның бергі жағындағы Жайық бойлай қоныстанған ауылдарға барып-келіп жатушы еді.

Айтайын дегенім, осы су көліктерінің қатарында Сарайшықтағы жұмысшы- лар сауда кооперативінің дүкендерге тауар таситын кемесі де жүретін. Оның капитаны осы Сарайшық ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Айсағали Мастеков атамыз болатын. Және бұл кісі бір емес, екі бірдей соғысқа қатысқан еді…

Айсағали атамыз әскерге соғыс басталған соң үш күннен кейін 1941 жылдың 25 маусымында Гурьев қалалық әскери комиссариатынан аттаныпты. Жеті айдай әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылы Ста­линград майданының 113 атқыштар полкы құрамында жан берісіп, жан алысқан ауыр шайқастарға қатысады. Осы шайқастарда ауыр жарақат алып, Саратов қаласындағы госпитальда емделеді. Жарақаты жазылған соң 1943 жылы қайтадан алғы шепке аттанады. Бірінші Украина, төртінші Забайка­лье майдандары құрамында ұрысқа түседі. Кейін теміржол әскерінде, жол батальонында 226 бөлімнің командирі қызметін атқарады. Жеңісті Чехос­ловакия жерінде қарсы алады. Сол кезде көрсеткен ерлігі үшін оған бөлім командирі «Алғыс хат» табыс етіп, оны жауынгердің отбасына жолдайды. Сер­жант Мастековтың жанқиярлық ерлігі баяндалған бұл хат арада көп уақыт өткенде 1977 жылы Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде жарық көреді…

Сөйтіп, әлемнің жартысын жалмаған соғыс та бітеді. Бірақ майдан басшылығы Айсағалиды әскерден босатпайды. Енді ол жапон мелитаристерімен соғысу үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Көңілде қобалжу бар. Әттең-ай, соғыс бітті деп қуанып тұрғанда тағы да қатерге бас тігіп бара­ды. Енді бұл соғыс қашанға созылады? Тірі қайтамыз ба, жоқ па? Осындай сауалдар әр жауынгердің мазасын қашырғаны рас еді.

Тәңір жарылқағанда бұл соғыс екі ап­тада бітті. Біздің «Катюшалар» арқырап келіп, жер-жаһанды қопарып, көкке ұшырғанда мұндай жойқын қаруды көрмеген жапондардың құты қашып кетті. Көп кешікпей тізе бүкті. Жеңіс буымен көңілдері тасып, кеуделері көтерілген жауынгерлер сапында Айсағали атамыз да елге аман оралды. Оның қос майдандағы ерлігі үкімет тарапынан ескеріліп, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы соғыста Германияны азат еткені үшін» және «Жапонияны жеңгені үшін» ме­дальдарымен марапатталды.

Атамыз бейбіт өмірде жұбайы Әдина апамыз екеуі өнегелі ұрпақтар тәрбиелеп өсіріп, берекелі, үлгілі шаңырақ иелері болды. Әдина апай әуелі оқу-ағарту, кейін сауда сала­сында қызмет жасады. Қыздарының арасынан Алмажай мен Нәсіп аналарының жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдады. Алмажай апай біздің Сарайшық орта мектебінде әуелі оқытушы, кейін мектеп директорының кластан тыс жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі орынбасары, одан соң мектеп директоры болды. Махамбет ауданындағы «ХХІ партсъезд», «1 мамыр» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы, Сарайшық ауылының әкімі қызметтерін атқарды. «ҚР Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Апайымыз мектепте қызмет еткен кезінде маған талай жауапты тапсыр­малар беріп, сол кезден-ақ тілші болып қалыптасуыма септігін тигізді. Сол кез­де қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бер­ген Молдаш Бердімұратов ағайым мені әдебиетке баулыса, Алмажай апайым журналистикаға баулыды. Ол кісінің берген тәлімі мен үшін ғұмырлық азық болып келеді.

Алмажай апамыздан кейінгі Жәмила апамыздың да тек мен емес, бүкіл Сарайшық ауылының балалары үшін орны бөлек еді. Ұзақ жылдар мектептің буфетінде жұмыс істеген апамыздың қолынан шыққан сан алуан тәттілеріміздің дәмі әлі күнге таңдайымызда тұр. Өйткені, олар мейірімді жүрек пен аялы алақаннан шыққан еді. Әттең, сол бір мейірімнен жаралған апамыз дүние сапарын ерте аяқтап кетті. Иманы саламат болғай.

Нәсіп те Алмажай апасының алақан табы қалған Атырау педагогикалық институтын бітіріп, өзінің алтын ұясы Сарайшық орта мектебінде ұзақ жылдар еңбек етті. Ұлағатты ұстаз атанды. Оның отағасы Пангерей ағамыз да ұстаз. Екеуі отбасында үш перзент тәрбиелеп, өсірді. Ал Нәсіптен кейінгі Айгүл менің кластасым бола­тын. Ол мүлдем басқа саланы таңдап, Алматыдағы қазақ политехникалық институтының мұнай-газ кен орында­рын барлау факультетін бітірді. Бүгінде «Петро Қазақстан Құмкөл Ресторсиз» АҚ-да инженер-технолог болып жа­сайды. Отбасында отағасы Ғалым екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Айгүл – Сарайшық ауылынан түлеп ұшқан жоғары білімді алғашқы мұнайшы қыз.

Осындай ұрпақтарды тәрбиелеп өсірген Айсағали атамыз бен Әдина апа­мыз соғыс жылдарындағы қиындықтың есесіне бейбіт күннің рахатын көрді. Апамыздың да тылдағы және ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі ескеріліп, «Тыл ардагері», «Ана даңқы» медальдары­мен марапатталды. Ауылдық кеңестің депутаты болды. Қай қырынан алсақ та олардың және тұрғыластарының өмір жолы бүгінгі өскелең ұрпақ үшін сарқылмас қазына дер едім.

Орыстың атақты композиторы мен ақыны, әйгілі «Жеңіс күні» әнінің ав­торлары Давид Тухманов пен Владимир Харитонов көз жасындағы қуанышқа теңеген Ұлы Жеңіс бізге осындай ата- апаларымыздың қасық қанымен, ащы терімен келген еді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT