Оқиғалар тармағы...
Биыл сонау 1941 жылы фашистік Германияның Кеңес Одағының жеріне басып кіруімен бастау алып, 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1941 жылы 22 маусым күні таңғы сағат 4:00 шамасында неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға соғыс жарияламастан басып кірді.
Түнгі сағат 3:30-да жаудың авиациясы Беларусьтың Брест, Гродно, Барановичи, Кобрин және тағы басқа қалаларына соққы жасады. Бірнеше минуттан кейін неміс ұшақтары Украинаға бомба тастай бастады. Соның ішінде Киев қаласы да бар. Артынан Балтық жағалауы елдеріне шабуыл жасалды.
Таңғы сағат 4:30-да Кремльде өткен саяси бюро мүшелерінің кеңесінде Сталин шекарадағы жағдайды Германия тарапынан жасалған араңдатушылық әрекет деп санайтынын айтты.
Жарты сағаттан кейін ғана Германияның КСРО-дағы елшісі, Шуленбург халық комиссары Молотовқа "Германия сыртқы істер министрлігінің Кеңес үкіметіне арналған нотасын" тапсырды. Осы құжатта Германияның КСРО-ны Еуропаның шығыс шекарасындағы үлкен қауіп ретінде қарастыратыны, сол себепті Гитлердің бұл қауіп-қатерді жоюға бұйрық бергені туралы жазылды.
Таңғы сағат бестің кезінде бас қолбасшы Иосиф Сталинге неміс жаяу әскерінің Батыс және Балтық жағалауына қарай шыққаны туралы хабар берілді. Шамамен осы уақытта фашистердің артиллериясы Брест қамалына оқ жаудырды.
1941 жылы 22 маусымда түске қарай сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотов радио арқылы Ұлы Отан соғысының басталғанын мәлімдеді. Соғыс оты тұтанғаннан бастап, қазақстандықтар азаттық үшін майданға аттанып, кеуделерін оққа тосты. Олар Отанды жаудан қорғау үшін жанын аяп қалған жоқ.
Қысқа ғұмырындағы Ұлы ерлік...
Ресми мәліметтерге сүйенсек, сұм соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанған. Оның 2427 адамы Мақат ауданынан шақыртылған. Олардың өлшеусіз еңбектері мен есімдері қаншама жылдар өтсе де ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ. Осындай Отан үшін от кешкен майдангерлеріміздің бірі - Мұса Баймұханов.
Мұса Баймұханов - 1910 жылы Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында қарапайым мұнайшы отбасында дүниеге келді. Ол 15 жасынан бастап Доссор мұнай кәсіпшілігінде бұрғышы болып еңбекке араласады.
Алматы тау-кен металлургия институты жанындағы жұмысшы факультетіне оқуға түсті. Оқуды аяқтаған соң 1932 жылы Гурьев облыстық прокуратурасында аға хатшы, одан кейін Гурьев қалалық прокуратурасында жұмыс жасаған. 1935-1941 жылдары Сағыз кәсіпшілігінде мұнай өндіру операторы болып қызмет атқарды.
Ол кейіннен Ұлы Отан соғысының басталған шағында Доссордағы әскери комиссариатқа арыз беріп, өз еркімен майданға аттанған. 1941 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, офицерлер даярлайтын Татарстан Республикасының Елабуга қаласындағы әскери-саяси училищесін бітірген.
Кейіннен Ленинград майданындағы «120 Гатчино» атқыштар дивизиясы 538-ші атқыштар полкінің взвод командирі болып тағайындалып, Прибалтиканы азат ету және Украина майданы құрамында Одер өзенінен өту тапсырмасын абыроймен атқарды.
Бұл Мұса Баймұхановтың майдан даласындағы соңғы ерлігі еді. Ол 1945 жылдың қаңтарында жұқа мұздың үстімен бірінші болып Одер өзенінен өтіп, қаланы жаудан толық азат ету тапсырмасы болатын. Немістер Кеңес әскерлерінің пәрменді екпінін тоқтатпақ болып, өзеннің жағаларына бекініс орнатады. Резервтерін жинастырып, сансыз көп доттар мен дзоттар салды. Тікенек сым құрып, миналы алқаптар жасады. Бірақ фашистердің бұл әрекетінен түк шықпады. М.Баймұханов құрамында бар Кеңес жауынгерлерінен құралған әскери құрама осы шайқаста Оппельн қаласын жаудан толық азат етіп, жеңіске қол жеткізеді. Бұл туралы ақын Қабижан Сағиев былайша толғаған:
...Шабуылда көргенім жоқ тоқталып,
Өрши бердім омырауым оқ қағып.
От төсенген Одердің көк мұзынан,
О, туған жер, құдіретің өтті алып.
Батыл еткен,
Бақытты еткен,
Ер еткен,
Кеудедегі қол басындай жүрекпен,
Қорғағым кеп қуаныштың әлемін,
Тас түйін боп тайталастым түнекпен.
Қара түндей жауып жатқан қыр басын,
Жау шебінен борайды кеп қорғасын.
Сол биікті алу керек!-
Ант осы.
Антым менің – әміршім де жолдасым...
Иә майдангер Мұса Баймұханов басқаратын взвод осы айқаста 25 фашистің көзін жойды. Польша жеріндегі осы ұрыста кіші гвардия лейтенанты болған ол Ұлы Жеңіске 50 күн қалғанда 18 наурыз күні ерлікпен қаза тапты. Ұлы Отан соғысының батыры Польшаның Бяла қаласының маңындағы зиратта жерленді. Ол туралы көптеген шығармалар жарық көріп, деректі повесть жазылды.
Оған Кеңес Одағының Жоғары Кеңесі Президиумының 1945 жылы 10 сәуірдегі Жарлығы бойынша соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Одан өзге ол «Ленин» және «Отан соғысының 1 дәрежелі» ордендерімен наградталған. Бүгінде Атырау облысы және Мақат ауданының «Құрметті азаматы». Ал Мақат кенті және Атырау қаласында батырдың ескерткіші орнатылған және көше атауы берілген. Бүгінде Мақат кентінде М.Баймұханов атындағы орта мектеп бар.
Иә, Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең зұлмат кезеңдердің бірі болды. Соғыс жылдары Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам майданға шақырылды. Майдан даласынан 394 мың боздақ туған жердің топырағына оралмады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, соғыс жылдары Қазақстан жерінде 14 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 6 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полк және батальондар құрылып, майданға аттанады.
Кейіннен 96 638 мың қазақстандық жауынгер жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін бірнеше дүркін орден және медальдармен марапатталды.
Б.Асхатқызы