Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде
(0 Votes)

Соғыс атауы – құлаққа жағымсыз, көпшілікті қан жылататын, арты қайғы-қасіретке толы қаралы сөз. Ал Ұлы Отан соғысы  өткен жиырмасыншы ғасырдағы ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы алапат соғыс.

Әлем бойынша жер бетін шарпыған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 80 жыл толғалы отыр. Неміс фашистеріне 4 жыл, яғни, 1418 күн бойы батырларымыз қайсарлық пен қажымас өжеттіліктерінің арқасында тосқауыл болған еді. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын жаужүрек батырлардың ерлігі.

Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған, қайсар жауынгерлеріміздің бірі жерлесіміз  Ғабдулла Ильясов еді.

Ол 1916 жылы Тайпақ ауданы, Ойыл ауылдық округінде өмірге келген.  1923 жылы мектеп табалдырығын аттап, Ойыл ауылдық округіндегі «Жасқайрат» атты жеті жылдық оқу ордасында білім алған.

Батырдың ұрпақтарының айтуынша, сол кездері мектепті жақсы бітірген оқушыларды ұстаздық қызмет жасауға шақыратын болған. Сондай шақыртумен мектепте озат болып, үздік оқығаны үшін Ғабдулла Ильясов 1936 жылы өзі оқыған білім ордасына бастауыш мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

Мектепте қызмет жасап жүрген шағында соғыс басталып, 1941 жылы Қызыл әскер армиясы қатарына қосылады. Содан 1942 жылдың қаңтар айынан бастап атқыштар дивизиясының құрамына кірді. Сол уақыттарда аса ерлік танытып, қан майданның қақ ортасында жан аямай соғысып жүрген кезінде жауырынына оқ тиіп, жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Ол жерде 1944 жылдың наурыз айына дейін, төрт айға жуық болады да, алған жарақатынан соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады.

Дегенмен елге орала сала, қанды айқаста болған жанкешті жауынгер жарақатына қарамастан, уақытын бос өткізбей, 1946 жылы бұрынғы Гурьев қаласындағы педучилищеден білім алып шығады. 

Сөйтіп, Қызылқоға ауданындағы жеті жылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүріп, кейіннен директорлыққа тағайындалады.

Сол кездегі Кеңес үкіметінің тапсырмасы бойынша басқа да аудандарға барып, мұғалімдік қызмет атқарады. Ол 1958 жылы Мақат ауданының Ескене станциясындағы Первомайск мұнайлы поселкесінде бастапқыда мұғалім болып, кейіннен директорлық қызметте еңбек етеді.

Сол уақыттарда Ғабдулла Ильясовтан дәріс алған бірнеше азамат, бұл күнде үлкен еңбек иелері атанған. Солардың бірі - Ахметжан Сарыұлы, Ғалымжан Ташенов, Абай Жолмағанбетов сынды ауданның белгілі азаматтары.

Қазіргі таңда бірі аудандық туберкулезге қарсы ауруханасында бас дәрігер қызметін атқарса, енді бірі –  мұнай саласында беделді қызметкер.

Осы ретте Ғабдулла Ильясовтың шәкірттері ұстаздары туралы біраз естеліктерімен бөлісті.

«Ағайымыз әр баланың жан дүниесін жүрегімен ұғынып, қиялын, қабілеті мен ынтасын дөп басып тани білетін. Бірде-бір балаға дауыс көтеріп сөйлемейтін. «Болашақ кәсіптеріңнің мықты маманы болғыларың келсе, осы бастан жақсы оқуларың керек. Өмір сендерден ертең атақтарыңды емес, не білетіндеріңді сұрайды. Кім тәрбиелі болса, сол – жақсы адам!» деп үнемі айтып отыратын. Тіпті мейірімділігі сондай әкеміздей қамқор болатын. Бізді үнемі үйден алып кетіп, сабақтан шыққанда үйімізге дейін апарып тастайтын. Ол уақыттар да бір сыныпта 50 бала болып,  бірінші және төртінші сыныптар аралығындағы оқушылар бәріміз бір кабинетте оқитынбыз.

Соған қарамастан әрқайсымызға түсіндіріп, білмеген тұстарымызды жеке үйрететін.

Сол кісінің арқасында қазір беделді азамат болып отырмыз», - деп еске алды жауынгер батырдың шәкірті Ақметжан Сарыұлы.

Өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқарған кейіпкеріміз, денесіндегі оқ тиген жарақаты зардабынан 51 жасында 1967 жылы 13 қараша күні өмірден өтеді.

Ол тағдыр қосқан жұбайы Айтбибі Төреахметқызымен он бала өсіріп, тәрбиелейді. Бүгінде ұл-қыздары ер жетіп, өз алдарына отау тігіп, әр қалада тұрады. Артында қалған балалары жанкешті де батыр әкелерін қастерлеп, Отан алдындағы борышын ерлікпен өткізгенін мақтанышпен еске алады.

«Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан әкемнің ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Әкемді Кеңес үкіметінің тапсырмасы бойынша қай жерде мұнай кен орны ашылса, сол жерге мұнайшылардың балаларын оқытуға мұғалім ретінде жіберетін.

Ес біле бастаған шағымда мені үйрене берсін деп мектепке бірге алып баратын. Ол кезде қазіргідей мектептер болмаған. Барлық сыныптың оқушылары бір кабинеттің ішінде оқитыны есімде. Мен сыныптың ең артқы үстелінде әкемнің сабақ бергеніне қарап отыратынмын.

Әкем өзі екі ағайынды. Ағасы Құбай дәрігер болған. Ол кісі де әкеммен бірге соғысқа қатысып, атқыштар дивизиясында алдыңғы шептегі санитары болған деседі. Соғыста жүрген уақытында екі айдан кейін, майдан алаңында жарақат алып, өмірден өтіп кеткен екен.

Әкем елге келген бойда үйленіп, бауырына деген сағыныштан, жалғыз қалдым деп, балаларым көп болса деп армандаған екен. Солай 10 баласы өмірге келген», - дейді батырдың қызы Сәуле Ғабдуллақызы.

Ғабдулла Ильясов жеңіске қосқан үлесі үшін «Отечественная война» 1945-2015 медалі,, «Соғыстың аяқталғанына 20 жыл 1945-1965», «НАШЕ ДЕЛО ПРАВОЕ - Мы победили», «Ұлы Отан соысының аяқталғанына 70 жыл», «За активную работу в профгруппе» медальдарымен марапатталған.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған батыр бабаның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа тосып, басын бәйгеге тіккен майдангер атамызды еске алу – кейінгі ұрпақтың мін­деті.

Г.Мәмбетқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT