ХХ ҒАСЫРДЫҢ ҚАЗАҚ ҮШІН ҚАРАЛЫ БЕТТЕРІНІҢ БІРІ – ФАШИСТІК ГЕРМАНИЯНЫҢ КЕҢЕС ОДАҒЫНА ТҰТҚИЫЛДАН ШАБУЫЛ ЖАСАП БАСЫП КІРУІ. ОДАҚ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ӨЗГЕ ЕЛДЕРМЕН БІРГЕ МЫҢДАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЙДАНҒА АТТАНДЫ. ОЛАР ҚОЛЫНА ҚАРУ АЛЫП, ЕНТЕЛЕЙ ҰМТЫЛҒАН ҚАЛЫҢ ЖАУҒА ҚАСҚАЯ ҚАРСЫ ТҰРДЫ. АУДАНЫМЫЗДАН ДА 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ СОҒЫСТЫҢ ОТ- ЖАЛЫНЫН КЕШІП, ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ ЕЛГЕ ОРАЛМАДЫ. ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ – СОЛ БОЗДАҚТАРДЫҢ ЖАНҚИЯРЛЫҚ ЕРЛІГІНІҢ НӘТИЖЕСІ. БАҚАЙШАҒЫНА ДЕЙІН ҚАРУЛАНҒАН ЖАУҒА ҚАРСЫ ТҰРЫП, ӘЛЕМГЕ БЕЙБІТШІЛІК СЫЙЛАҒАН ОСЫНДАЙ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ БІРІ, МЕНІҢ ӘКЕМ – МАХУ ИХЛАСҰЛЫ БОЛҒАНЫН МАҚТАН ТҰТАМЫН.
Әкем 1909 жылы Теңіз ауданында дүниеге келген. Екі ағасынан ерте айырылып, апаларының ортасында жалғыз ұл, шаңырақтың тірегі болып өскен. Кішкентайынан оқуға құштар, қатарынан озық болғанымен отбасы жағдайына байланысты жоғары білім алуға мүмкіндігі тартпаған. Есейіп, өз алдына отау құрып, екі бала сүйіп, бейбіт ғұмыр кешіп жатқанда «соғыс» деген суыт хабар жетеді. Ел шетіне жау тигенде, 1941 жылы майданға аттанады. Украина жерінде кескілескен шайқастарға қатысады. Соғысқа байланысшы ретінде кіргендіктен оқтың астында жүріп, үзілген телефон, телеграф желілерін жалғап, радиобайланысты қамтамасыз етеді. Ұрыс даласында мұны жасау оңай емес. Жау әскерінің, мергендерінің тікелей нысанасына айналасың. Талай қаруластары көз алдында оққа ұшады. Бірақ үзілген желіні жалғамаса тағы болмайды, орталықпен, штабпен байланысып, көмек сұрау қажет. Көп нәрсе байланысшының ерлігіне тіреледі. Майдан даласында бірнеше мәрте ажалмен бетпе-бет келген әкеміз Ұлы Отан соғысының жорық жолдарын бастан-аяқ жүріп өтті. 1946 жылы кеудесінде орден - медальдары сыңғырлап елге оралды.
Елде де қиындықтар күтіп тұрған. Келе сала жұмысқа жегілді. Ауданымыздың дамуына өз үлесін қосып, жылқы бағып, балық аулап, басшылар қай жұмысқа жіберсе де тартынбады. Қиындыққа қасқая қарсы тұрып, өмір көшін, заман ағынын жалғады. Маңайындағы жетім - жесірлерге көмек қолын созған кеңпейіл адам болған. Әкемізді көре қалғандар ол кісінің қарапайым, өзіне тапсырылған жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, бар ынта-жігерімен атқаратын, адамгершілігі зор, өте еңбекқор адам болғанғанын жиі еске алып отыратын. Өкінішке қарай соғыста қай майданда болғаны, марапаттары жайлы деректер сақталмапты. Көзі тірісінде ауданымыздың дамуына еңбегін сіңіріп, зейнетке шыққаннан кейін де қоғам белсендісі болып Еңбекші ауылдық округінде өткен түрлі шараларға қатысып жүрді. Махамбеттің жырларын жатқа білетін. Ұрпақтарын, жастарды адалдыққа, отансүйгіштікке, елге қызмет етуге тәрбиелеуге зор үлес қосты. Екі ұлын аяқтандырып, үш қызын құтты орнына қондырып, өрісін кеңейтіп, құда-жекжаттары арасында үлкен құрметке бөленді. Бақытты қария атанып, немере-жиен сүйді. Қазір артында қалған ұрпақтары ата жолын жалғастырып, түрлі салада еңбек етуде. Олар майдангер аталарын жиі еске алып, оған қарап бой түзеп, мақтан тұтады.
Күлән Махуқызы ХАМЗАЕВА,
Құрманғазы ауылы