Маңғыстауда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі ардагер бар

Маңғыстауда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі ардагер бар
(0 Votes)

АҚТАУ. KAZINFORM – Оның бірі Василий Салазкин биыл 98 жаста, ал Ольга Заривняк 93 те.

Василий Салазкин 18 жасында өз еркімен әскерге алынып, бірінші Қиыр Шығыс майданында жапон басқыншыларымен жаяу әскер қатарында шайқасқан. Соғыста кіші сержант шеніне дейін көтерілген. Ерлігі үшін «II дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Ол майданның ауыртпалығына қарамастан, соғыстан кейін ел игілігіне қызмет етті. Қазіргі Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында көлік жүргізуші болып жұмыс істеді. Ал, зейнетке шыққасын Маңғыстауда тұратын қызының қолына көшіп келген.

    -1945 жылы соғыс аяқталса да, бірінші Қиыр Шығыс майданында 3-4 ай бойы атыс тоқтаған жоқ. Жапон басқыншыларының жекелеген бөлімдері бізге оңайлықпен берілмеді. Көптеген қарулас жолдасым опат болды. Біз көрген сұрапыл жылдарды бүгінгі ұрпақ көрмесін деймін. Елде мәңгілік бейбітшілік орнасын, - дейді соғыс ардагері Василий Салазкин.

Ал екінші майдангер - Ольга Заривняк соғыс басталғанда небәрі 13 жаста болған. Соған қарамастан ол Брест облысы Клещели қаласында шоғырланған партизан жасағына байланысшы ретінде қосылған. Қайсар қыз армия штабына маңызды ақпарат жіберумен қатар, жаралы жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен. Ольга Заривняк соғыстан кейін тоқыма ісімен айналысты. Күні бүгінге дейін киім-кешек тоқып, табыс табады.

    - Үсті-басы лас, кір-қожалақ кішкентай қызға жау назар аудармайтын. Маған соның үлкен пайдасы тиді. Партизандар қандай қиын тапсырма берсе де, бұлжытпай орындап жүрдім. Көшеде көрген-білгенімді жасырын пәтерге келген байланысшыға айтып, техника, әскер тұрған жерлерді картаға түсіріп беретінмін, - дейді ардагер.

Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғысқа Маңғыстаудан 4942 адам аттанып, тең жартысы елге қайтып оралмаған. Қазір өңірде 2 майдангер мен 400-ден астам тыл еңбеккері тұрады.

Бұған дейін, елде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне қандай көмектер берілетіні туралы жазған болатынбыз

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT