«Мақат маңайынан...» айдарымызға арқау болар жан – жиырмадан енді асқан шағында Нұр-Сұлтан шаһарындағы көптеген телеарналардың басы біріккен «Қазмедиа» орталығында еңбек етіп жүрген әріптесіміз Жадыра Оңайбаева.
Ол 1999 жылдың 7 қазанында Мақат ау данында дүниеге келген. Бақытты балалық шағы бүгінгі күні өз алдына бөлек елді мекен болып шыққан Бәйгетөбе ауылында өткен. Кейіпкеріміздің фамилиясы мен туған жерін білген аңғарымпаз оқырман түсінгеніндей Жадыра ауданымыздағы Ұлы Отан соғысы ардагері болған Есбол Оңайбаевтың немересі. Кішкентайынан бойжеткен шағына дейін батыр атаның тәрбиесін алып үлгеріп қалған. «Мен оқушы кезімнен қатарластарымның алды болдым. Мектептегі шараларда әркез белсенділік танытып, республикалық, халықаралық олимпиадалардан үнемі жүлделі қайтатынмын», - дейді жастайынан білімге құмар болған ару.
Журналист болу Жадыраның бала күнгі арманы еді. Атасының теледидарға үңіліп, жаңалықтарды үзбей қарайтындығын көріп өскен қыз «мен де осылардай болсам ғой, мен де көгілдір экраннан көрінсем ғой» деп қиялдың жетегінде кететін. Одан қалса атасының алдыртатын газеттерін дикторларша оқып беретін. Сол бір бала қиял мектеп бітірмей тұрып - ақ «өскенде қай мамандықты таңдаймын» деген сұрақтың жауабын тауып берді. Сөйтіп, 2016 жылы Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінен қанат қаққан ол журналистика мамандығына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге бел буады. Арманын мақсатқа, мақсатын шындыққа айналдыруға асыққан арудың талай мықты мамандардың қара шаңырағына айналған оқу орнынан басқа жерді таңдауы екіталай еді. Тек қолында өскен қыз немересін алысқа жіберуге атасы қарсы болады. Бірақ алған бетінен қайтпайтын Жадыра атасының батасын алып Алматыға аттанады. Ата-анасынан жырақ кетіп алақандай ауылдан алып мегаполиске бару он жетіге толар-толмас жастағы Жадыра үшін басында қиын тиді. Оның үстіне бұрын көп жыраққа шығып көрмегендіктен бойын сағыныш керней бастайды. Ақыры уақыт өте арман қала Алматы да құшағын жая бастағандай боп көрінеді. Солайша тұйық боп өскен Жадыра студенттік өмірінде жаңа орта, жаңа достар тауып мінезі ашық қызға айналады. ҚазҰУ қабырғасындағы төрт жылда дайын маман болып шыға келеді.
«Оқып жүргенімде «Qazaqstan» ұлттық арнасынан, соның ішінде «Мәселе» бағдарламасынан тәжірибеден өттім. Нартай Аралбайұлының қасында жүріп өзіме керек болатын көп нәрсе үйрендім. Сол кезде-ақ қалайда көзге түсіп, осы жерде қаламын деп шешім қабылдадым. Кейін дипломымды алып «Таңшолпан» бағдарламасына келдім. Басында сюжеттерді дайындадым, эфирге қонақ шақырумен айналыстым да анонс бөліміне ауыстым», - деп аз да болса еңбек жолын айта өткен Жадыра бүгінгі күні «Qazaqstan» ұлттық арнасында танымал диктор Қуат Ахметжановтың командасында эфирге роликтер дайындаумен айналысатынын жеткізді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қыз баласына журналистикада жүру, үлкен корпораци яда жұмыс жасау тым қиын. Форс-мажор жағдайлар көптігі өз алдына, жеке өмірге уақыт тапшы екендігін айта кетті ол. Оның үстіне көре алмайтындар мен аяқтан шалатындар тағы бар. Қысқасы, көп төзімді қажет ететін көрінеді. «Біздің салада не өзің қасқыр боласың, не қасқырларға таланасың. Бірақ жақсы жандар да баршылық. Айналаң қандай болуы өзіңнің ниетіңе де байланысты», - дейді ағынан ақтарылған Жадыра.
Осы орайда ол еңбек жолында мотивация сыйлаған бір естелігімен бөлісіп кетті: «Бір күні көңіл күйім жоқ болып жұмысқа келе жатырсам, алдымнан Қымбат Досжан шықты. Ол кісімен сәлемім түзу болса да көп аралыстығым жоқ еді. Шамасы көңіл-күйімді байқап қалған болса керек: «Қызым қалың қалай? Бәрі жақсы ма? Ораналаса алдың ба?, - деп сұрақтың астына алып жатыр. Мен: «Бәрі жақсы апай» деп қоямын. Ол кісі болса: Түк уайымадама, бәрі жақсы болады. Кезінде мен де ка рьерамды ешкімнің көмегінсіз бастап, тиынсыз жүрген кездерім де болды. Солай жүріп көзге түстік. Кішкене шыдамды бол», - деп ақылын айтып кетті. Өзімді бейне бір Құдай мені сол кісі арқылы жұбатқандай сезіндім», - дейді Жадыра оқиғадан кейін біраз жігерленіп қалғандығын алға тарта.
Отбасының үлкені Жадыраның өзінен кейін екі інісі бар. Біреуі Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс студенті, екіншісі 7 сыныптың оқушысы. «Өзімнен кіші іні-сіңлілеріме айтарым еңбек етуден ерінбей, көбірек оқыңыздар. Өздеріңіздің алға қойған мақсаттарыңыз орындалмайынша тыным таппаңыздар. Ең бастысы табандылық пен сенімділік болуы керек», - деді ол сөзінің соңында. Иә, біз танып үлгерген Жадыра осындай. Арманы - асқақ, талғамы - биік. Қатігездеу Нұр-Сұлтанда журналистиканың ыстығы мен суығына төзіп жүрген жерлесімізге мықтылардың арасында өзіндік ізін қалдыруды тіледік!
А.ЕСЖАН