Аудандық білім бөлімінде "Елбасы медалі" бағдарламасының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Аталған бағдарлама бойынша облымыздан 600-ден аса оқушы мен студенттер сондай-ақ мұғалімдер қатынасқан еді.
«Елбасы медалі» - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар және еңбек практикасы секілді 7 негізгі бағыттан тұрады. 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған жоба олардың өз уақытын басқаруға, алдарына айқын мақсат қоюға сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану мен үнемі өзін-өзі дамытуға зор серпін береді.
Жоғарыда көрсетілген жеті бағыт бойынша ауданымызда ерекше белсенділік танытып жүрген жас ұстаздарымыз да, ойы озық оқушыларымыз да жетерлік. Елбасы медаліне ие болып, мерейі үстем болған жалынды жастарымыздың қатарында М.Баймұханов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүләйім Сисекешова, Х.Санбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аружан Қамзина, Л.Шахатов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушылары Әсемгүл Қайратова мен Мөлдір Ақмурзина бар.
Жоба арқылы жаңа белестерге қадам басқан Әсемгүл Қайратова қайырымды істерге одан әрмен белсенділік таныта беруге ниетті.
"Қазір көптеген жастар алтын уақыттарын бағаламай бос нәрсеге кетіріп, уақыттарын "өлтіріп жатқандарын" өздері де байқамай қалатын сияқты. Ал, шындығында, адам баласына берілген ең қымбат сый - ол денсаулық пен уақыт. Оған қоса карантин кезінде барлығы онлайн форматқа ауысқан болатын. Дәл осы жерде маған уақытымды тиімді өткізуге көмектескен әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан - "Елбасы медальі" жобасы болды. Әр орындаған тапсырмаларым бойынша өзімнің жаңа қырларымды аша түскендеймін, өйткені тек бір емес әртүрлі бағытта бірге дамып отырдық. Алдағы уақытта да бұл жоба жалғасын тапқанын қалаймын, себебі қай жағынан қарасаңыз да, жастарға тигізетін септігі мол",- дейді ол.
А.САДЫҚОВ