Ол - Отанның берік қалқаны

(0 Votes)

Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзету жолындағы әскерилердің еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. “Мақат маңайынан...” айдарының бүгінгі шығарылымында мерейлі мерекеге орай шекара соқпағына түскен жас жерлесіміз жөнінде айтып өтпекпіз.

Ұлан ғайыр атырапты иеленген қазақ даласы жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында болса да ең ұзын құрлықтық шекара бізге тиесілі. Дәл осы Ресеймен шектесетін ҰҚК ШҚ Атырау облыстық департаментіне қарасты “Сазды” шекара бөлімшесінде қызмет атқарып жүрген жанның бірі - жерлесіміз Хасанов Әсет Төлегенұлы.

1999 жылдың 17 қазанында Мақат кентінде дүниеге келген Әсет Х.Санбаев атындағы орта мектебінің табалдырығын аттады. Осы жерден тоғыз жыл білім алып 2015 жылы оқуын әрі қарай Атырау инженерлік гуманитарлық колледжінде “Құқықтану” мамандығы бойынша жалғастырды. Оқуын бітіре сала отан алдындағы борышын өтемекке өз еркімен әскерге Ақтау қаласына аттанды. Бұл 2018-ші жылдың 13-ші қыркүйегі еді.

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінде шыңдалған жас сарбаз дәл осы тұста әскери адам болуды армандай бастады. Әскерден келісімен бұл ойын үйіндегілерге жеткізіп көргенімен, қай ата-ана баласының жырақта жүргенін қаласын? Қолдау таппады. Десе де нағыз ер азамттарша "әскери қызмет" қылсам деген оны ойы кейіпкерімізді алға қарай жетелей берді, алған бетінен қайтпады.

"Сөйтіп 2020-шы жылы барлық қажетті құжаттарды тапсырып тек жауабын күту ғана қалды. 2021-ші жылы Жастар ресурстық орталығында қызмет атқарып жүрдім де, өз еркіммен жұмыстан шығуға арыз жаздым. Сол күні кешкі сағат 18:00-де шекара қызметінің Атырау облыстық департаментінен жұмысқа қабылданғаным туралы хабар жетті. Осылайша басыма бұйырған бақ осы болар деген оймен жұмысымды бастап кеп кеттім", - дейді мақтанышымыз. Жастар ресурстық орталығы демекші бізге Әсеттің есімі осы орталықта басшы болғанынан жақсы таныс еді. Бұған дейін де түрлі мәдени-шараларда өткірлігімен көзге түсіп жүрген белсенді жастың бұлайша басқа арнаға қалт бұрылғанына біз де қайран қалысқанымыз жасырын емес еді. Сөйтсек әскери адам болу Әсеттің біраздан бергі армандап жүрген ойы екен.

Ол 2022 жылдың ақпан айында бір ай Шучинск қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы әскери колледжде рота сержанты оқуын жақсы нәтижеде аяқтады.

Ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ даламызға қорған болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Қорған мықты болмаса қарақшы көбейетіні айтпаса да түсінікті. Елдің шетінде, желдің өтінде жүрген жерлесіміздің жігеріне қайран қалмасқа шара жоқ.

"Шекарада жүріп қызмет атқару күліп қарайтын зат емес. Үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Кейде апталап шекараның соңғы сызығына дейін жүре береміз. Жалпы шекарада жүргенде қызықты жағдайлар да болып тұрады. Бірде түн мезгілі еді... Шекара сызығында жүріп алыстан бір нәрсе көрінгендей болды. Дереу жинақылық танытып, жеделдетіп жанына жеткенімізде әлгі қаракөлеңкеміз жайылып жүрген жылқылар болып шықты...", - деп езу тартты.

Ел тыныштығына кепіл болып жүрген шекарашыларымыздың өмірі кім-кімге де қызық болары сөзсіз. Антына адалдық танытып жүрген шекарашымыз мереке қарсаңында сонау Қиғаш өңірінен өзінің жүрек жарды лебізін жолдады.

-  Барша Отан қорғаушы азаматтарды бүгінгі келіп жеткен мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Ең бастысы елім дейтін ерлеріміз көп болсын! Сондай-ақ, іні бауырларымды отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын. Отан алдындағы борышты өтеу - әрбір азаматтың қасиетті парызы! - деді ол ағынан жарылып.

Иә, әр күнін сымның бойында сынамалап жатқан жас шекарашымыз отанына деген махаббатын осылайша өз әрекетімен дәлелдеу үстінде. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасиетті хадисінде де «Екі көзге тозақ оты тимейді: Алладан қорқып жылаған көз және Алла жолында түнімен күзеткен көз» делінген екен.

Бабаларымыздың "ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен" аманат еткен осынау ұлан байтақ жеріміз кім-кімге де қастерлі болып қала бермек. Әскери қызмет атқару былай тұрсын бір жылдық әскерге барудан қашқақтайындар арамызда өріп жүр. Бұндайда сертіне берік Әсеттің алғырлығы барша інілеріне үлгі болса екен дейміз.

А.САДЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT