Әскерге өзім сұранып бардым...

(0 Votes)

Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір ер азаматтың Отан алдындағы міндеті.

Мемлекетіміздің тыныштығын қадағалап жүрген айбыны асқақ сарбаздарымыздың орны еліміз үшін қашанда бөлек. Себебі, олар халықтың қауіпсіздігін сақтауда көптеген міндеттер мен маңызды рөл атқаратыны айтпасақ та белгілі.

Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Осы мереке қарсаңында, азаматтық борышын өтеп, қазіргі таңда аудандық №8 Өрт сөндіру бөлімінде абыройлы қызмет атқарып жүрген Азамат Жұматайұлымен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

Азамат Құсайын 1998 жылы 7 наурызда дүниеге келген. 2005 жылы М.Баймұханов атындағы орта мектеп табалдырығын аттап, 2016 жылы мектепті ойдағыдай бітіреді. Кейіпкеріміз мектепті аяқтай салысымен, әскерге шақыртусыз-ақ, өз еркімен барғанын жеткізді.

- 11 сынып бітірген бойда әскери комиссариатқа барып, Отан алдындағы борышымды өтегім келетінін айтқанмын. Содан соң, ұлттық біріңғай бест тапсыра салысымен, бар-жоғы он күннің ішінде әскерге кетіп қалдым. Бұл мен үшін қиын шешім болған жоқ. Себебі, әскерге бару үшін әр әрнәрсені сылтауратпау керек, - дейді кейіпкеріміз.

«Ұланы бар елдің, ұраны бар», - демекші, елім деп тұрған жастардың абыройлы міндетін атқаруы - алдағы уақытта Отанына қалтқысыз еңбек ететінінің айқын дәлелі. Себебі олар, әскери тәртіптің қандай екенін, Отан үшін от кешу мен жау жағадан алған жағдайда бәріне дайын тұрудың – міндет екенін жақсы біледі. Кейіпкеріміз осы тұста әскери өмірдің қызығы мен шыжығын да айтып өтті.

- Мен әскери борышымды Қостанай қаласындағы №6697 әскери бөлімінде өтедім. Қостанай – салқын қала. Ол жақтың қысы айтпасам да түсінікті болар. Әскерде қиындық пен қызық қатар жүреді. Оны барып өз көзіңмен көрген дұрыс. Әскери тәртіп бәріне үйретеді, шыңдала түсесің. Сондай-ақ, үйден жырақта жүріп, бәрінің қадірін түсінесің. Бір жағынан бұл барлық ер азаматтың Отан алдындағы борышы. Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес дейді ғой. Сондықтан әскери міндетін өтеп келгендер әскердегі қиындықтарды ғана айта бермей, керісінше, ондағы тәртіп пен қызықтарды айтып артымызда еріп келе жатқан інілерімізге дұрыс жол көрсету керек деп ойлаймын. Бәрі түрлі сылтау айтып, әскерге барудан қашатын болса, Отанымыздың алдындағы міндетті кім орындамақшы? - дейді Азамат Жұматайұлы.

Қоғамдағы ең қауіпті мамандық түрін таңдаған ол – бұл мамандықты таңдауда қателеспегенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өрт сөндіруші мамандығы - үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап етіп, тәуекелділік пен мұқияттылықты қажет ететінін де жеткізді. Себебі, үнемі тілсіз жаумен бетпе-бет келетін маман иелерінің еңбегі қашанда өлшеусіз.

Иә, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келіп, бүгінде ер азаматқа тән мамандықта қалтқысыз қызмет етіп жүрген Азамат көп жастарға үлгі десек, артық айтқанымыз емес. Себебі, ол патриот жастардың қоғамда өз орнын тауып, елі мен жерін құрметтеумен қатар, халқына адал қызмет етуді борыш деп санайды.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521