Бір үйдің «қос құлыны» әскерге аттанды

(1 Vote)

Ел қорғау - ердің ісі. Мақат ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне бара қалсаңыз, кіре берісінен көзіңіз "тайға таңба басқандай" қылып  жазылған  Конституциямыздың 38-і бабына түседі. Бұнда: "Қазақстан Республикасын қорғау оның - әрбір азаматының қасиетті борышы және парызы" деп жазылған. Десе де, барлығымыз бірдей отан алдындағы борышымызды қасиетті парыз ретінде сезініп жүрміз бе?

Қарашаның 10-шы жұлдызында әскерге аттанған жас сарбаздардың ата-аналарымен, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Е.Амиров және бөлімнің  жеке құрамының қатысуымен  жиын өтті.

Жиында күз мезгіліндегі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанына айрықша үлес қосқан ата-аналарға арнайы алғыс хаттар табысталды. Отанға адал қызмет ететін перзент тәрбиелеп өсіргені үшін үлкен ризашылығын білдірген бөлім басшысы әр ата-ананың деніне саулық, балаларының аман-есен оралуына тілектестік білдірді.

Ұлдарының кеудесіне отанға деген патриоттық сезім қалыптастыра тәрбие беріп, алғыс хат алғандардың қатарында Кенжекарин Арман мен жұбайы Кенжегүл де бар. Ерекшелігі сол, бұл шаңырақтан отан қорғауға екі ұлы аттанған. "Жалпы жанұяда - үш ұл. Екеуі әскерге кетіп, кішісі мектеп қабырғасында білім алып жатыр.  Арасына 4-5 күн салып, әскерге аттанған екі ұлым да бірі Атыраудан, бірі Сағыздан колледж бітірді. Ата-ана болған соң сәл қобалжимыз. Бірақ, ер азамат болғандықтан - Отан алдындағы міндеттері ғой. Екеуі де бала жасынан әскерге баруға өте ынталы. Біз осындай алғысқа бөлеп жатқан ұрпақ өсіргенімізді мақтан тұтамыз",-дейді анасы Кенжегүл.

Жалпы, ауданға берілген жүктеме 35 адам болғанымен,  күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанында 52 бала тексеріс комиссиясынан өтіп, соның 21-і әскерге аттанып үлгерген. 

Әскерге шақыру жөніндегі инспектор Нұрлан Абайұлының айтуынша, жастардың әскерге баруға деген көзқарасы төмен деңгейде екен. "Көбі кәсіптік білімін жоғары біліммен жалғастырғысы келеді. Алайда, соңғы шыққан заң бойынша білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қашықтан білім алу технологияларын пайдаланатын азаматтарға берілмейді. Көбіне әскерге аттанатын 18 бен 20 жас аралығындағы жалынды жігіттер. Жоғары оқуын бітіргеннен кейін де әскерге аттанып жатырғандар жоқ емес",- дейді ол.

Ағамыздың әңгімесінен аңғарғанымыз, әскерге бармай қалудағы басты себептердің бірі - жастардың денсаулық жағдайының жарамсыздығы. Әсіресе, жүрек, қан тамырлары дертімен ауыратындар және тыныс алу органдары ауыратындар көп ұшырасады екен. Сонымен бірге, саулығы жарап тұрып, әскерден тартыншақтайтындар да табылады екен.  "Бұл бағытты жетілдіру үшін ата-атаналармен жиындар өтеді. Жастардың тікелей өздерімен кездесіп, талпындыруға күш саламыз. Заңға түсіндірме беріп, жергілікті басылымдарға мақала береміз",- дейді инспектор.

Бір қарыс  жері үшін қасық қаны қалғанша аянбаған батыр бабаларымыздың ізін жалғастырушы өрендер бүгін де жоқ емес. Тек бұл қасиет барлығының бойынан табылса ғой, шіркін!


А.САДЫКОВ
Cурет автордан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT