Сары күздің сәні сарғайған жапырағында ғана емес. Дәл осы мезгілде жігіттер қауымының бір шоғыры отан алдындағы борышын өтеп азамат атанып келіп жатырса, енді бірі алдыңғы буынның ізін жалғап әскерге аттанып бара жатады.
Түс таяп қалған сәтте Мақат кенті вокзалының маңы у-шу. Себебі, сәлден кейін Атырау қаласынан Алматыға қарай бет түзеген жүрдек пойыз келіп тоқтайды. Ал, оның ішінде жас жүректері кеудесіне сыймай алып-ұшып келе жатқан албырт жастар бар. Алдағы он екі ай бойы өз отанын қорғамақ. Әскерге бет түзегендердің ағайын-туыстары, құрбы-құрдастарының бәрі осында. Туған ауылының тұсынан өтіп бара жатқан жігіттерге ақжарма тілектер ақтарылып, рухты әндер шырқалды. Кеше ғана күмбірлеп тұрған гитара да олардың жолына қақ бөлінді.
Жалпы, осы жылы шекара қызметі бойынша ауданға 8 жүктеме беріліп, 10 бала жөнелтілген. Қарулы күштерге 16 сарбаз сұралып, 20 жігіт аттанған. Осы жиырманың үшеуі бүгінгі аттанып бара жатқандардың ішінде. (Утеуов Медет, Балтабек Нұрдәулет, Бегісов Жеңіс) "Осылайша ауданға берілген жүктеме 125 пайызға орындалып отыр",- дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Е.Амиров.
Кәмелеттік жасқа кеше ғана толған Бәйгетөбелік Медет Утеуов бүгін отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқандардың бірі. "Қатарларымнан қалмай, борышымды өз уақытында өтеуім керек",-дейді Өтеу қарияның немересі. Ендеше, сапарларың сәтті болсын жас сарбаздар.
А.САДЫКОВ
фото автордан