Адамзаттың бағына емес сорына ойлап табылған алкогольдік өнім талай отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, ол өз кезегінде қоғамның құлдырауына алып келуде.
Мәселен, егеменді ел болған 27 жыл ішінде 330 мыңнан аса қылмыс осы «ащы судың» кесірінен орын алған. Күніне көлікті ішіп басқарудың салдарынан болатын жол апатынан 3-4 адам бақилыққа аттанатын жағдайға жетіп тындық. Төбе шашыңды тік тұрғызатын мұндай деректі таяуда ауданымызда сапармен болған ҚР Сенатының депутаты С.Еңсегенов келтірді. Жасырып қайтеміз, қазір Қазақстанның беті осы арақты көп тұтынатын мемлекет ретінде «қызарып-ақ» тұр. Бұл мақтанарлық көрсеткіш емес. Сол себепті заңды күшейту керек деген пікір айтылды сонда.
«27 жыл ішінде 30 мың адам мерт болып, 14 мың қыз-келіншек зорланған. 5 мыңнан аса адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Арақ-шарап айналымына қатысты заңды қатайту керек деген ұстанымға қарсы адамдар көп. Олар кім десеңіз, бірінші кезекте осымен айналысатын кәсіпкерлер. Өйткені, кәсіпкерлер ашқан дүкендерінің 40 пайыз табысын дәл осы «тентек судан» тауып отырғаны белгілі болды. Әрине, кәсіпкерлікті қолдаймыз. Бірақ, кәсіпкерлік қоғамның дамуына кесір емес, пайда әкелуі керек. Адам тағдыры ойыншық емес, сол себепті арақ-шарап айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңды күшейту керек деген ұстанымым бар. Парламентте бұл мәселе қаралатын болады»-деді ол.
«Атадан қалмаған асқа» тәуелділіктің түбі жақсылыққа апармасы анық. Қалай дегенде де денінің саулығын, отбасының ойран болмауын ойлайтындардың ойланғаны керек-ақ.
Мақат тынысы