Қоржынымызда қос бірдей қомақты жүлде

(0 Votes)

Ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген аяқ допшыларымыздың әр қадамын жұрт болып желіден аңдып, жаңалықтарына жанымыз сүйсініп  отыратынымыз жасырын емес. Ала допты аяғына сиқырлап алған таланттарымыз   "ертеден шапса, кешке озған, ылдидан салса төске озған" хас жүйріктердің қатарына қосылғалы қашан. Жігіттеріміз жеңісті  жорығынан жаңылмаса, жақсылықтың жаршысы болудан жалықпаймыз.

Алғырларымыздың алды "Атырау" сапында атой салып, бүгінде турнирлік кестенің көш басында жүр. Ағаларының жолын жалғаған жас өрендеріміздің де қарқыны жаман емес. Кеше ғана Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өткен "Ozen Сup 2020" турнирінде бақ сынаған балғындарымыздың жетістігі осыған дәлел.

"Мен-мен" деген мықтылардың басын қосқан аталмыш турнирге Құрманғазы, Жылыой аудандарының, жергілікті Жаңаөзен, Ақтау қалаларының және жақын маңдағы ауылдық жерлердің командалары қатынасты.

anuar-3

Айтулы додада ауданымыздың байрағын 2005-2006 және 2007-2008 жылы туылған балалардан құралған қос команда желбіретті.

Жарыс басталысымен жолына кезіккендерін жайпай жөнелген жасөспірімдеріміз зулап отырып, ақтық ойын алаңынан бір-ақ шықты. Финалдық бәсекеде ғана сәл сәттілік жетіспей қалған 2005-2006 жылғы өрендеріміз күміс жүлдені қанағат тұтты. Мұнайлы мекеннің мінезді ұлдарының жігері мұнымен мұқалмады. Іле-шала інілерінің кеткен есесін 2007-2008 жылы туылған ағалары қайтарып, жарыс жеңімпаздары атанды.

anuar-2

Жарыс жолында жекелей көзге түскен жерлестеріміз де болды. 2005-2006 жылғылардың арасынан Шарапиденов Ерасыл "Үздік қорғаушы"  атанса, "Үздік қақпашы" атағы Амангелді Нұрдәулетке бұйырды. Ал, 2007-2008 жылғылардан  Нұрболатұлы Арсен  турнирдің "Үздік қорғаушысы".

anuar-1

Жеңіске жеткен өрендеріміз әлемдік жұлдыздарға емес, алдыңғы буын ағаларына еліктейтінін жасырмайды. Бұл жеңістеріңіз алар асуларыңның алды болсын!

А.САДЫҚОВ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT