Аудандық жастар орталығының ғимаратында 14 пен 18 жас аралығындағы бойжеткендер арасында «Мисс Мақат-2020» байқауы өтті. Бойжеткендердің ұшқыр ойы, салт-дәстүрге жақындығы, өнері мен сұлулығы сарапқа салынған сайыс 5 кезеңнен тұрды.
Жарыс қорытындысында Фатима Серік, Мөлдір Ешпат және Даниза Амандосоваға алғыс хат табысталды. 3-орынды Азиза Жолдыбай, 2-орынды Жансая Асқар, ал 1-орынды Жангүл Жалғасова алды.
Негізінен, аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінен және сұлулық байқауларының жеңімпаздарынан құралған әділ қазылар алқасы «Мисс Мақат 2020» атағына Мұса Баймұханов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрай Алпысбаеваны лайық деп таныды. «Өзімді мәдени және рухани жағынан дамыта отырып бағымды сынап көргім келді. Әр адам ішкі дүниесін бағындыру арқылы өз-өзін жеңе біліп, мақсатқа жету жолында талпынудан аянбау керек деп есептеймін. Маған қолдау көрсеткен ата-анамның мерейін асқақтатқаныма қуаныштымын», - дейді Нұрай.
Айта кетейік, бұған дейін де биылғы жылдың басында «Мақат аруы» анықталған болатын. Белсенділердің басын қосатын жастар орталығынан алда талай ауқымды шараларды күтеміз.
Е.Асылбек