Аптаның сәрсенбісі бабы мен бағы келіскен бүлдіршіндеріміз үшін сәтті өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен "Жас дәурен - 2019"өнер фестивалі аясында талантты өрендер өзара бақ сынасты.
Үш түрлі бағытта өрбіген дүбірлі додада оқушылар алдымен көркем сөз оқу номинациясы бойынша барын салса, мың бұралған бишілер мен жезтаңдай әншілеріміз де қызықты кештен қалыс қалмады. Салт-дәстүріміз бен ұлттық мәдениетімізді насихаттау, дарынды балаларды іздеу, олардың бойындағы өнерінің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашу мақсатында ұйымдастырылған фестивальді қара өлеңді көркемдеп оқушылар бастады.
Атағы алты алашқа жететін ауданымызға арнап жазылған жергілікті ақындардың туындыларын оқыған балғындардың біреуіне батылдық жетпей жатса, біреуі сөздерінен сәл жаңылып жатты. Алайда, ең соңғы болып сахнаға көтерілген кіп-кішкентай бүлдіршін жиналғандардың жанын жадыратып сала берді. Бір кездері әлеуметтік желіде әжесіне арнап өлең оқыған орыс қызының бүкіл елді шулатқаны бәріміздің есімізде. Тап осылай Х.Санбаев атындағы орта мектебінен келген Зауза Айсезім атты оқушы дүйім жұрттың алдында Т.Текеевтің "Туған жер" атты өлеңін оқығанда толқымаған жан қалмады. Тиісінше, бас жүлдені қанжығалаған Айсезімнің ізімен, жүлделі бірінші орынға №2 бастауыш мектебінен келген Серікбай Гүлсезім жайғасты. Қ.Елемесовтың "Өмір осы" өлеңін нақышына келтіріп оқыған бәйгетөбелік Жетібай Жадыра екінші орынды қанағат тұтса, үздік үштікті Інжу Телжан мен Аманжан Әсем түйіндеді.
Қара өлеңнің қаймағын қалқыған талапкерлерден кейін, мың бұралып билегендер кештің көркін одан әрмен қыздыра түсті. Қатысушылардың әр қимылын қалт жібермей, қадағалап отырған қазылар алқасындағы би өнерінің маманы, жарыс соңында олардың олқылықтары мен озық тұстарына тереңірек тоқталды. Қорытындылай келе, толық отыз ұпаймен бас жүлдені М.Баймұқанов атындағы орта мектептен келген "Шұғыла" тобы иеленсе, бірінші орынның тұғырына "Томирис" би тобы көтерілді. Бір айта кетерлігі, кәнігі бишілермен кәдімгі бастауыш сыныптарының оқушылары жарысты бұл кеште. Соның бірі - №2 бастауыш мектебінен келген биші жігіттер. Бұлардың биіндегі бір ерекшелік- қазақтың тақиясын қалың жұртшылыққа насихат. Бірі көше киімі мен бірі мектеп формасымен тақияны жарастыра киіп жұлқынған балақайлардың еңбегі еш кетпей, екінші орынға ие болса, үшінші орынға ұлдар мен қыздар болып қатарласа "Қаражорғаны" билеген "Самғау" тобы жайғасты.
Әуелетіп ән салғандардың көшін Жолжан Жазира бастады. М.Баймұқанов атындағы орта мектептің абыройын үстем еткен Жазира ешқандай ән үйірмесіне қатыспайтын болып шықты. Табиғаттың таңдайына дарытқан сыйы болар, Жазира әннің иірімін өзінше түрлендіріп, оған билеп те үлгерді. Аудандық мәдениет үйінің атынан шыққан Нұризат Нұркенқызы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, жүлделі бірінші орынға ие болса, екінші орынға О.Сарғұнанов атындағы орта мектептің оқушысы Ақбота Аманқос табан тіреді. Үшінші орынды Айым Ануарқызы иеленіп, барлық жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі