ҚР әнұранының мәтінін жазған, белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің атында Құрманғазы ауданында бокстан Республикалық ашық турнир өтті.
Оған Мақат балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері қатысып аудан мерейін үстем етті. Атап айтсақ 54 кг салмақта Алдоңғар Ерболат алдына жан салмай, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байласа, 46 кг салмақта Сембай Нұрболат ақтық айқаста ғана қарсыласына жол беріп күміс жүлдені қанағат тұтты.
Аталған жеңімпаздар Аюпов Нұрсеит, Құлмұханов Парасат, Қабдолов Амангелді секілді бапкерлерінің қол астында жаттығады. Бір айта кетерлігі шәкірттер тек топ жарып қана қоймай спорт шеберлігіне үміткер деген беделді атақты орындап шықты. Оларға енді спорт шебері деген атақты қорғап, Сапенов Қазбек сынды мақтаныштарымыздың ізін жалғастырсын деген ізгі тілегіміз бар.
Жеңімпаздарымыздың жеңіс жолына жасаған жорығы бұнымен ғана бітіп қалмай еркін күрес шеберлері де ерлеп келді. 1-3 қараша аралығында Индер ауданының еркін күрес мектебінің негізін қалаушысы Сәттіғұл Әзербаевтың құрметіне өткен XIII Республикалық турнирде палуандарымыз жүлделі орындар қатарынан көрінді.
50 кг салмақта Маратұлы Ербол екінші орын сатысына көтерілсе, 60+ кг салмақ дәрежесінде Ерғали Жансерік үшінші орынға табан тіреді. Бұған дейін де бірнеше додаларда ел мерейін үстем етіп жүрген балғын спортшыларымыздың болашағынан бапкерлерінің күтетін үміті зор.
А.САДЫКОВ
суреттер жеңімпаздарымыздың бапкерлерінен