Әнші Мәдина жүректі тербеген әдемі кеш сыйлады

(0 Votes)

Өткен жексенбіде Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері әнші Мәдина Сәдуақасова «Сайра, әнім» атауымен ауданымыздың өнер сүйер қауымына әдемі кеш сыйлады.

Бұл жүректі тербеп, көңілдерге ерекше күй сыйлаған, сезім қылын дөп басқан әдемі кеш болды.

Аудан жеріне осыдан 18 жыл бұрын еліміз Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» үгіт поезы арқылы қадам басқан әншінің бұл екінші рет келуі еді.

Аудандық мәдениет үйінің залы бұл күні көрерменге толы болды. Тіпті «Ине шаншар» жер де қалмады. Жиналған көрермен әншінің репертуарындағы «Сайра, әнім», «Кездесу мен қоштасу», «Шаттанамын», «Сүйген жүрек», «Махаббат жалыны», халық әндерінен попурриді тыңдады.

«Халық арасына шығып, зор қошеметке ие болу -кез келген өнер адамдарының қолынан келе бермейтін дүние. Сондықтан бұл қолдау, мұндай кездесу шабыт пен сенім сыйлайды» деген әншінің ыстық лебізіне қол соққан көрерменге жергілікті әншілер, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Бекзат Мұхамеджанов, Аружан Хасанова ән шырқады.

Бұл кеште «Алтын алқа» иегері, көп балалы ана Г. Әбденова кішкене бөбегінің тұсауын кестіріп, халқы сүйген әншідей ел сүйіктісіне айналсын деген аналық ақ тілеуі сахнада үйлесімін тауып жатты. Қазақы дәстүрдің шынайы көрінісі көп балалы ананың өнер жұлдызына жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ орамал таққан кезде қоюлана түсті. «Батаменен ел көгерер» демекші, ауыл ақсақалы сахнаға көтеріліп, ұлтымыздың салт-дәстүріне қол соққан көрермен алдында ақ батасын берді.

Дүркірете қол соққан көптің ықыласын аудан әкімі орынбасары Т.Нұрпейсовтің аудан халқы атынан ұсынған ықылас гүлі жалғады.

Сондай-ақ, аудан басшысы атынан халыққа әсем кеш сыйлаған халқы сүйген өнер жұлдызына ақжарма ақ тілегін сыйғызған алғыс хаты табысталды.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT