Алғыс айту күні және ҚХА-ның 30 жылдығына орай Достық үйінің қабырғасына «30 жыл – бірлік пен келісім жолында» атты мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері және өңір тұрғындары қатысты.
30 жыл бұрын, 1 наурызда, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған еді. Осы жылдар ішінде ҚХА елдегі ұлтаралық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарып, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың бірегей алаңына айналды.
Сондай-ақ Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Өңір басшысы облыстық Қазақстан халқы Ассоциациясы ұсынған көрмемен танысып, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
«Ассамблеяның белсенді қызметінің арқасында еліміздегі барлық этностардың тілі, мәдениеті мен дәстүрінің үйлесімді дамуына жол ашылды, сондай-ақ қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесі нығайды. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық бірлікті нығайту жолында аянбай еңбек ете беретініңізге сенемін. Жетістіктеріңіз көп болсын! Баршаңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін», – делінген хатта.
Мерекелік іс-шара Достық үйінің этномәдени бірлестіктері мен жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты.
Атырау облысында 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өңірде Ассамблеяның Ана кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, этномәдени бірлестіктер, Журналистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, этномедиация, ақпараттық-түсіндіру тобы, «Жомарт жан» орталығы және ғылыми-сараптамалық топ сияқты құрылымдары бар.
Өткен жылы өңірде қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша бекітілген жоспар аясында 700-ден астам іс-шара өткізілді. Оларға 23 мыңнан астам адам қатысты.



