Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз - Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілген болатын.
Республика бойынша бұл мереке биыл екінші рет аталып өткелі отыр. Дәл осы күні ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген еді. Ал, үстіміздегі жылы өткен торқалы той – сол тамаша дәстүрдің жалғасы еді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: "Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз",-деген еді өз сөзінде.
Ұлы тұлға ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттап, болашаққа бет түзер темір қазығымыз. Даналық сөздері елдің алтын тұғыры мен түп негізіне үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек.
Қалың елінің Абай туралы айқын ойы мемлекет басшысының ойымен үндес. Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді. Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет.
А.САДЫҚОВ