Жақында Атырау қаласында «Ақ бидай» облыстық ауыл спорты ойындары өтті.
Онда әр аудандардан келген спортшылар 9 спорт түрі бойынша бақ сынады.
Нәтижесінде аудан спортшылары үздік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтатты.
Атап айтқанда, кіші аяқ добынан Мақат құрамасы ІІ орынды жеңіп алып, үздік үштіктен көрінді.
Ал тоғызқұмалақтан ерлер арасындағы жекелей сында Есен Бағытжан І орын иегері атанып, жеңіске жетті.
Гір тасын көтеру бойынша 95 келі салмақ дәрежесінде Досқали Досқалиев пен 78 салмақта Амир Қосмузиев І орынды орынды жеңіп алса, 85 келі салмақта Амандық Кәулабаев пен 68 келі салмақ дәрежесінде Бекзат Нұрмұханов ІІ орынға тұрақтады.
Одан бөлек, қол күресінен бақ сынаған Нұрбек Өтебаев пен Аслан Орынтаев жеңісті қолдан бермей, І орынды иеленсе, қазақ күресінен боз кілемде белдескен Әбілхайыр Ұлықбек пен Дулат Аманқосов қола медальді қанжығаға салды.
Сондай-ақ, үстел теннисінен ерлер арасында Азамат Оразов, Амандық Сисенов, Дәулет Есқабыл мен әйелдер арасында сынға түскен Айгүл Отарова, Әлия Кейкишова, Аяна Бақтығали І орынға ие болып, алтын медальді еншіледі.
Сонымен қатар, асықшылар асық ату пен бес асықтан командалық есепте алдыңғы орыннан көрініп, жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар Алматы облысында қыркүйек айының 11-21 аралығында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Ә.ҚАСЫМ