Адам өмірін құтқаруда әр секунд маңызды. Өйткені қас-қағым сәтте орын алатын оқыс оқиғалар талайлардың тағдырын қуанышқа ұластырса, ал кейбірінің өмірін өкінішке ұрындырып жатады. Бұл ретте секундтармен санасып, уақытпен жарыса жүріп көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Олардың бір күні қалыпты жұмыс күні емес. Олардың жұмыс күні үнемі оқыс жағдайлар мен күтпеген шешімдерге толы. Сәйкесінше әр күні – арпалыс. Осы орайда төл газетіміздің бүгінгі «Маманмен бір күн» айдарын жедел жәрдем қызметкерлеріне арнауды жөн көрдік.
Бұрынғы аудандық аурухананың аядай ғана бөлмесін мекен еткен аудандағы жедел жәрдем қызметінің жұмыс ауысымы уақытқа бағынбайды. Өйткені олар тәулік бойы үзіліссіз, екі ауысымда қызмет көрсетеді. Басты мақсат – науқасқа жылдам әрі сапалы медициналық көмек көрсету болып табылады.
Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз Перизат Мүстекенова мен Гүлзира Төлеу сейсенбінің түс ауар шағында әдеттегідей кешкі ауысымдағы кезекшілікті атқаруға жұмысқа келді. Олар алдымен қызметтік киімін киіп, кейіннен арнайы медициналық сөмкесіндегі құралдарды тексеріп, науқастарға арналған дәрі-дәрмектерді қайта қарап шықты. Бұл олардың күнделікті ауысымға дайындығының көрінісі.
Сағат 16.30-да басталған түнгі кезекшілікке кіріскен қос фельдшердің планшетіне қалалық диспетчерден алғашқы қоңырау түсті. Бұл жай қоңырау емес, бұл көмекке мұқтаж адамның үміті іспеттес. Хабарлама мәтініне сәйкес, екінші санат бойынша Қ.Сәтбаев көшесінің 33 жастағы тұрғынына медициналық көмек қажет.
Жеделдете жеткен жедел жәрдем көлігі аталған мекенжайға 6 минут ішінде келді. Науқасты толық тексерген дәрігерлер 33 жастағы әйел азаматтан денесінің құрысу-тырысу белгілерінің барын, сұраққа жауап бермейтінін, көзі жұмулы екендігін анықтады. Анасынан ақпарат алу барысында әйелдің «Д» есепте тұратындығы және екі жыл көлемінде сіресу белгілерінің жиі қайталанатынын, уақытылы дәрілерді қабылдайтындығы айтылды.
Одан әрі жедел жәрдем бригадасының ақ халаттылары науқастың көктамырына натрий хлоридімен қоса магнезия ерітіндісін 5/5 көлемінде 10 кубиг салды. Бірер сәттерден соң науқастың беті бері қарап, сұраққа ыммен жауап беру, көзге тік қарау, құрысу-тырысу белгілерінің тоқтауы сынды жағдайлары орын алды. Сәйкесінше науқас жағдайының жақсы болғанына көз жеткізген фельдшерлер анасына қосымша кеңестер беріп, жергілікті дәрігерге қаралу қажеттігін ескертті.
Аталған науқасқа қажетті медициналық көмек көрсеткен соң қос фельдшер қызметтік көлікке қайта жайғасты. Көкейімді тескен сұрақтарды қоюдың сәті түсті-ау деп мен де өз сауалдарымды ақ халаттыларға қарша бораттым. Алғашқы сауалым олардың жедел жәрдем қызметіне келудегі мақсаттарын білуден басталды.
«Жасыратыны жоқ, менің мамандық таңдауымда ата-анамның ықпалы зор болды. Кез келген ата-ана баласының тұрақты мамандықта оқып, білім алғанын қалайды. Біздің түсінікте дәрігер немесе мұғалім қай кезде болса да сұранысқа ие мамандық түрі болып есептелді. Сол себепті анамның жолын қуып, 11 сыныптан соң Атырау медициналық колледжіне оқуға түсіп, сәтті аяқтадым. Білім алу барысында бұл саланы тереңінен зерттеп, қызығушылығым артты. Осы салада одан әрі еңбек етуді мақсат тұтып, алғаш еңбек жолымды 2017 жылы Атырау қаласындағы «Облыстық жедел жәрдем қызметі» мекемесінен бастадым. Кейін 2018 жылы Мақат кентінің азаматымен тұрмыс құрып, қызметімді де осы өңірдегі аталған мекеменің филиалына ауыстырдым. Тура сол жылы бүгінгі кезекшілікті бірге атқарып жүрген Гүлзира әріптесім де осы аудандық жедел жәрдем бөлімшесіне жұмысқа орналасты. Содан бері тұрақты түрде осы салада қызмет етудеміз. Бүгінде жедел жәрдем қызметінде айтарлықтар өзгерістер бар. Айталық, науқастан түскен шақыртуды тікелей біз емес, «103» пультінде Атырау қаласындағы «Жедел жәрдем» станциясы қабылдайды. Кейіннен оны «Көмек» электронды бағдарламасы арқылы бізге жолдайды. Біз қызметтік планшетіміз арқылы хабарламаны қабылдап, науқасқа медициналық көмек көрсетеміз»,-деді жедел жәрдем қызметінің фельдшері Перизат Мүстекенова.
Сауалыма жауап беріп болғаны сол-ақ екен, қара түсті планшетке тағы да бір хабарлама түсті. Бұл жолы 3.2 санаты бойынша 10 жастағы балаға көмек қажет.
Фельдшерлер мінген көлік желдей ұйытқып шақыртылған мекенжайға келді. Жауапты қызметіне кіріскен фельдшерлер 10 жастағы баланың ішінің ауырсынуының себебін анықтауға кірісті. Науқастың сатурациясы, температура, қан қысымы, тамағын тексерді. Сәйкесінше баланың асқазан тұсын қолмен басып қарап, соқырішекке күдік жоқ екендігі анықталды. Содан соң анасымен сөйлесу барысында баланың көп мөлшерде шұжық және тәтті жегендігі айтылды. Одан әрі балаға тыныштандыратын сұйықтық егіліп, науқастың анасына кеңестер берілді. Егер жағдай кері қайталанса жедел жәрдем қызметін кері шақырту қажеттігін түсіндірді.
Науқасқа тиісті көмекті көрсеткен қос фельдшер қызметтік көлікпен жұмыс орындарына жол тартты. Жолай мен де шақыртулар санатының сипаттамасы турасында кезекті сауалымды жолдадым.
«Айтқанымыздай бізге жолданған қоңырауларды біз планшет арқылы қабылдаймыз. Онда шақыртулар 4 санат бойынша қабылданады. Бірінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 10 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Бұйрық бойынша оған есінен тану, тыныс алысы тоқтау, жүрек тоқтауы, тыныс алу жолдарында бөгде заттың болуы, есеңгіреу халі, сіңір тартылу, кеуде тұсының ауыруы, шала салдану (бұлшық еттерінің әлсіреуі, орталық нерв жүйесінің бұзылуы) сал ауруы, жындану, зақым келу садарынан қан кету, жарақат алу салдарынан қан кету, бас, мойын жарақатынан қан кету, күйік, үсік, жануарлар мен жәндіктер тістеп алу (аллергиялық реакциядан туатын талма ауруы), электр жарақатын алу, қан аралас құсу, бала туу, оқыс жағдайлар (жарылыс, өрт, су басу және т.б.) жатады. Ал, екінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған орынға 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі керек. Оған лаңкестік әрекет орнына шақыру, пациенттің ес-түсін жоғалтуы, тыныс алу жолдарының бұзылуы (демікпе, аллергия, жүрек ауруы, улану жағдайлары және т.б.), жүрек соғысының бұзылуы, естен тану, 3 жасқа дейінгі балалардың дене қызуы 38°С жоғары болу, қызуы жоғарылаумен денені бөртпе басу, жарақат алу салдарынан қан кету (дене мүшесіне зақым келу), улану, коронарлы синдромға күдік келтіру, жүкті әйелдердің бас ауруы, құсу + іш өту жатқызылады. Сондай-ақ үшінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 30 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған жарақат алу, іш ауруы, дене қызуының көтерілуі, көпшілік шаралар кезіндегі кезекшілік, физиологиялық босану, жүкті әйелдердің іш ауруы (жүктіліктің тоқтатылу қаупі), балалардың күю, үсуі кіреді. Сонымен қатар төртінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 1 сағаттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған өмірге қауіп төндірмейтін созылмалы аурулардың асқынуы, терінің өткір қабынуы, ісінуі, жеңіл жарақаттар, созылмалы аурулардың қабынуы, тамақтан улану салдарынан іш өту + құсу, жүкті әйелдердің құсуы (12 аптаға дейін), зәр шығару жүйелерінің созылмалы аурулары салдарынан кіші дәреттің жүрмей қалуы, қан аралас зәр шығару, бала туу, түсік жасатудан кейінгі асқынулар, тыныс алу жолдарынан басқа жерге бөгде заттың кіруі, алғашқы медициналық көмек немесе стационарды талап ететін басқа да жағдайлар енеді. Осыған сәйкес, жедел жәрдем бөліміне алғашқы 1,2,3 категориядағы қоңыраулар келген жағдайда автоматтандырылған тәртіппен қызмет жасалып, диспетчер арнайы жасақталған жедел жәрдем тобын жіберуге міндетті іс»,- дейді жедел жәрдем қызметінің фельдшері Гүлзира Төлеу.
Айтып ауыз жиғанша 18.24-те үшінші қоңырау да түсті. Бұл жолғы шақырту қозу жағдайындағы науқасқа көмек қажеттігі турасында болды.
Жедел жиналып жолға шыққан фельдшерлерге кезекті сауалымды қызметтік көлікте отырып жолдадым. Сауалымның мәтіні аудандағы жедел жәрдем бригадаларының саны мен кешеуілдеуі турасында болды.
«Ауданға қарасты жедел жәрдем бөлімі Доссор және Мақат кенттерінде орналасқан. Мақат кентінде 1 бригада бар. Ал ауысымдық қызметте екі фельдшер қызмет атқарады. Егер қызметтік қажеттілік туындаса жұмысты жеделдету мақсатында екінші бригада жұмысқа шығарылады. Біз Мақат кенті және кентке жақын орналасқан бекеттер мен Бәйгетөбе ауылдық округінен және Жамансор елді мекенінен түскен шақыртуларға да барып, медициналық көмек көрсетеміз. Шақыртулар саны әсіресе кешкі уақытта және демалыс күндері көп болады. Ал күндізгі мезгілде жергілікті емханалар жұмыс жасауы себепті деп ойлаймын, шақыртулар саны аз. Содан соң аурулардың қозатын мезгілі – кешкі уақыт. Сол себепті де түнгі ауысымда жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндер қатары аз емес. Десе де қандай мезгіл болса да қабылданған барлық шақыртуларға барамыз. Басты мақсат – науқасқа тез әрі сапалы қызмет көрсету. Жасыратыны жоқ, бір бригада болғандықтан кейде кешігіп жатамыз. Өйткені біз айтқанымдай кентке жақын барлық бекеттерге барамыз. Солай кейбір кездері уақыттың көп бөлігі жолға жүрумен кетіп жатады. Одан бөлек науқасқа көмек көрсету әр санат бойынша жүзеге асырылады. Сәйкесінше егер төртінші санаттағы науқасқа жолға шыққан кезде бірінші санаттағы науқастан шақырту түссе, онда сол бірінші санаттағы шақыртуға барамыз. Өйткені бірінші санаттағы науқасқа шұғыл көмек қажет болады. Осындай жағдайларда кейде науқастар түсінбей жатады. Дегенмен де барлық шақыртылған хабарламаларға барып, медициналық көмек көрсетеміз»,-дейді бригада фельдшері Перизат Бағдатқызы.
Әні-міне дегенше жедел жәрдем көлігі 18.30 шамасында діттеген мекенжайға келді.
Анықталған мәліметке сәйкес науқас психоз диагнозы бойынша «Д» есепте тұрады. Соған сәйкес жедел жәрдем қызметкерлері тиісті жұмыстарын атқарып, науқасты тыныштандырды. Кейіннен оның динамикасын тексеріп, қан қысымының көтерілгендігін анықтады. Одан соң бригада қызметкерлері науқасқа каптоприл таблеткасын беріп, қан қысымын түсірді. Одан әрі жақындарына кеңес беріліп, жергілікті емханаға қаралу қажеттігін айтып өтті.
Науқасқа тиісті көмек көрсеткен фельдшерлер кері қызметтік көлікке оралар шақта 9 айлық балаға медициналық көмек керектігі туралы планшетке тағы да хабарлама түсті. Шақыртылған мекенжайға келген бригада нәрестенің қызуының 38,5 екенін және баланың тамағының қызарғанын анықтады. Анасы жедел жәрдем келерден 5 минут бұрын ибуфен берген. Толық тексеру барысында нәрестенің анасына аудандық ауруханаға бару қажеттігі ескертілді. Алайда анасы ауруханаға барудан бас тартты. Балада салқын тию белгілері бар. Нәрестеге жедел респираторлық-вирустық инфекция диагнозын қойған фельдшерлер, егер бала қайтадан мазасызданса кері жедел жәрдем қызметін шақырту қажеттігін ескертті.
Осылайша бізге берілген үш сағат көлемі көзді ашып-жұмғанша лезде өте шықты. Ақ халаттылардың жанында жүрген үш сағат олардың қызметінің қаншалықты ауыр әрі жауапты екендігін жете түсіндірді.
ТҮЙІН
Қорыта айтқанда, жедел жәрдем фельдшерінің бір күні тек медициналық көмек емес. Бұл адамгершілік, сабыр, жауапкершілік пен шапшаңдықтың нәтижесі. Олардың әр күні –сынақ, әр шақырту – шынайы өмірдің көрінісі. Олар қашанда құрметке лайық маман иесі.
Осы ретте сан қилы тағдырды суреттеген сұхбат барысында көзіме түрпідей түйген жәйттарды да жазып өтуді жөн санадым. Ол – адам жанының арашасы боп жүрген маман иелеріне бүгінде бөлініп жатқан көңілдің аздығы. Өйткені бұрынғы туберкулез ауруларын анықтайтын сынама алу бөлімшесінің аядай ғана екі бөлмесінде қызмет атқаратын жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс орны көңілді қынжылтады. Қабырғалары ескірген аталған бөлмеден шыққан ылғал иісті танауымнан қанша жасырсам да байқамау мүмкін емес. Тіпті сұхбат барысында ақ халаттылар аталған бөлменің қыс мезгілінде суық болатындығын да айтқан. Осы орайда өзгенің өмірін өз денсаулығынан артық көріп жүрген жедел жәрдем қызметкерлеріне сапалы жағдай жасалса нұр үстіне нұр болар еді...
Б.Асхатқызы
Суреттер автордікі