СКРИНГТІК ТЕКСЕРУДЕН ӨТУ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

(0 Votes)

 Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласына да тоқталып өткен болатын. Ол ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігін баса айтты.

 Елімізде соңғы жылда қатерлі ісік аурулары көбейіп тұрғаны өкінішті. Көп жағдайда өкпе ісігі, асқазан ісігі мен сүт безі ісігі – өлімнің басты себебі болып отыр. Былтырғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан сүт безі қатерлі ісігі ең көп тараған елдердің тізімінде бірінші орында тұр. Бұл дертке 55 жастан асқан әйелдер жиірек шалдығады. Соңғы кезде ауру "жасарып", 30-45 жас аралығындағы келіншектерден де анықталып жатыр. Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуының себебі көп. Бірақ, соған қарамастан, ғалымдар сүт бездеріндегі патологиялық процестің дамуына әсер ететін факторлардың белгілі бір тобын анықтады.

Егер әйелдің ең жақын туыстарының біріне 50 жасқа дейін обыр диагнозы қойылса, сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі артады. Себебі, 10 пайыз жағдайда бұл дерт тұқым қуалайды. 50 жастан асқан әйелдерде қатерлі ісікке шалдығу қаупі едәуір жоғары. Сүт безінің қатерлі ісігі ерте сатысында (1-ші және 2-ші) асимптоматикалық болып табылады және ауырсынуды тудырмайды. Өте ауыр кезеңдер, мастопатиямен сүт бездерінің ауыруы мүмкін.

Ауруды диагностикалаудың көптеген жағдайлары тек 3-ші және 4-ші сатыларда, ісік жай көзге көрініп тұрғанда, жара немесе түйін түрінде болады. Ең бірінші кезекте омырауға, яғни олардың көлеміне назар аударған жөн. Әдетте, ісіктің бірінші белгісі – бір омырау екіншісінен үлкендеу болады, яғни асимметриясы әртүрлі. Ол сырт көзге байқалады. Екінші назар аударатын жайт, төстің тығыздалып, одан белгісіз бір сұйықтың бөлінуі. Үшіншіден, омыраудың ішке қарай тартылып бұрмалауы. Бұл да сүт безі қатерлі ісігінің басты белгілерінің бірі. Төртіншісі – терінің өзгеруі. Мұндай кезде әйелдердің терісі апельсин қабығына ұқсас болады. Бесіншісі белгісі – қолтық астында ісіктің пайда болуы. Онда түсініксіз жара пайда болады. Жалпы қатерлі ісіктің алдын алу, және ерте анықтау үшін әйел адамдар 40 жастан бастап екі жыл сайын скрингтік тексерістен өтіп тұруы қажет. Сүт безі қатерлі ісігіне жыл сайын шамамен 1 млн әйел ауырады және әр екінші әйел дер кезінде емделмеу салдарынан қайтыс болады. Қауіпті дертке кез-келген нәзік жанды шалдығуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер кеңесіне сүйеніп, дер кезінде қаралған абзал.

Роза ИМАШЕВА,

Аудандық аурухананың жоғары дәрежелі онколог-дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT