«Сақтансаң, сақтармын» деген...

(0 Votes)

Сенеміз-сенбейміз деп жүргенде коронавирустың елімізге келгенініе жыл жарымның жүзі боп қалды. Бас санитар, дәрігерлеріміз бірі келмесе, бірі келер дегендей болашақтағы эпид ахуалға қатысты сан түрлі болжау айтып, нешінші толқынды күтіп жүргенімізден шатастық. Әлеуметтік желіге кіре қалсаң « қазаның арты қайырлы болсын!» деген тілек көп деп байқағыштар айтпақшы, қазекең тәжтажал атап кеткен ауру талайды келместің кемесіне мінгізді. Қуанышқа орай медицинаның дамыған заманында жанын аман сақтап қалғандар одан да көп. Бұл иммунитет мықтылығы мен вакцина қабылдағанның арқасы десек артық етпес.

Біздің ауданда жыл басынан бері ковид пен өкпе қабынуынан симптомы бар 381 науқас пен симптомы жоқ 168 науқасты қосқанда барлығы барлығы 549 жағдай тіркелеген. Елді мекендер бойынша Мақаттан -277, Доссордан-256, Бәйгетөбеден-16 адам. Сауығып шыққандар саны -476, ал қайтыс болғандар -18. Ем қабылдап жатырған 55 науқастың 47-сі үй жағдайында, 5-еуі Атырау облыстық инфекциялық емханасында, қалған 3-еуі өз ауданымызда аурумен күресуде.

 Мақат аудандық орталық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Самал Тәжіғалиеваның айтуынша, адамдардың тарапынан емге жатудан бас тартатын түсініспестік әлі де боп тұрады.

«Егер ПТР-сынама алғашында оң нәтиже көрсеткені дәрігерлерге белгілі болса сынама қайталама тапсырғанда теріс нәтиже көрсетсе де адам карантинге жатқызылады. Қазір қайта аурудың бәсеңсігені», - дейді маман.

Дерттің ауыртпалығын сезініп шыққандардың бірі – Гүлайхан Әбдіғалиева Доссор ауылдық ауруханасында санитар болып қызмет етеді. Ол кісіде алғаш тамақ ауырғаннан басталған. Дәрі-дәрмектің пайдасы болмай, тамаққа тәбеті бармай, иіс пен дәм сезбей қалған.

«Мен негізі бүйрегім ауырып Доссор ауруханасына бардым. Рентгенге түсіргеннен соң әлденені байқаған дәрігерлер мені үйге емес аудандық ауруханаға жіберетіндіктерін айтты. Ол кезде басым айналып, температурам көтеріліп бойымды әлсіздік биледі.Үйдегі ата-енем мен балаларымының денсаулығы үшін Мақатқа баруға келістім. Алғашында салмағым бірден 15 килоға түсіп кеткен еді. Кейін мейірбикелер анализ алып, система салып 5 күн өте өз-өзіме келе бастадым. Бір палатада ешқайда шықпастан жаттық. Санитар, мейірбике, дәрігерлерінің барлығы науқастарға жақсы көңіл бөледі екен. Таңғы 6-дан бастап ала кешке дейін система салумен болды. Күні ұзаққа қан қысымын, сатурацияны және қызуды өлшеп, үш мезгіл дәрі беріп ұйқыға кеткенге дейін жанымызда болады. Әсіресе Ләззат атты мейірбикенің қолы жеңіл екен. Кейбіреулер басқа жақтарда дәрігерлердің бейжайлығына шағымданып жатырғандығын естиміз ғой, әйтеуір өз басымның ақ халаттыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Стационарда емделіп шыққаныма қуаныштымын. Егер карантинде жатып укол мен система алмағанымда арты қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. 14 күн қадағалауда болуым керек болса да 11 күннен кейін қолхат бойынша шығуға рұқсат берді. Сосын тағы 4 күн үйде жатқаннан соң ғана жұмысыма қайта шықтым», - деп ағынан жарылды 4 балалы ана.

Қарусыз майданда жаудың апанынан аман шыққан жанның айтып тұрғаны осы. Көбісі қиналған сәтте басынан кешкендерін еске алудан қашқақтап жүргенде бұл кісінің болған жағдайды тура айтуы ерлікпен парапар десек болады. Ауру да апат пен ажал секілді айтып келмейді. Сондықтан барлық сантиарлық талаптарды ұстанып, сақ жүрейік ағайын!

whatsapp-image-2021-09-13-at-14_39_13

 

                                                                                                                                                                 А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT