Қауіпті инфекцияның таралу ошағы Атырау қаласы болып отыр, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Соңғы тәулікте өңірде коронавирустық инфекциямен 302 науқас анықталды. Атап айтқанда, Атырау қаласында Covid-19 жұқтырудың 187 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 55 науқас анықталды.
Инфекция облыстың аудандарында да таралуда. Индер ауданында - 21 науқас анықталған, Исатай ауданында - 3, Қызылқоға ауданында - 3, Мақат ауданында - 20, Махамбет ауданында - 13 адам. Коронавирустық инфекциясы бар 72 науқаста ауру тиісті белгілермен өтуде. 230 адамда ауру белгілері жоқ. Өткен тәулікте облыста коронавирустан 544 адам емделді.
Қазір 8 414 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада - 193, екінші облыстық ауруханада – 179 пациент, фтизиопульманологиялық орталықта - 65, кардиоорталықта - 96, т/ж ауруханасында - 76 адам ем алуда, облыстық ауруханада - 159, жатақханада - 96, аудандық инфекциялық стационарларда - 352. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда - 410 науқас.
Айта кетейік, инфекцияның таралу қарқыны бойынша Атырау облысы "қызыл" аймақта.