Көктеммен бірге тағы бір оқу жылы да өз мәресіне жетті. Әрбір мектепте соңғы қоңырау үні естіліп, түлектерге арнап айтылар ақ тілектер ағыны басталатын сәт те келді.
Биыл 11 сыныпты бітіруші жас түлектер жаңа өмірге жолдама алып, мектеп табалдырығын өткен жылы алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ананың, ұстаздар қауымының көз қуанышына айналды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 02 мамырдағы №3 хатына сәйкес барлық мектепте оқу жылы 2025 жылғы 23 мамырда аяқталады.Оқу жылын жалпы білім беретін мектептер «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағатымен аяқтайды. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау салтанатты шарасы 23-24 мамыр күндері өткізіледі.
Аудан бойынша 2024-2025 оқу жылында 9 жалпы білім беретін мектепте 6117 оқушымен басталып, 6095 оқушымен аяқталғалы отыр. Ал 312 оқушы 11 сыныпты бітіргелі отыр.
Жалпы орта мектепті бітіруші 9 сынып үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 29 мамыр - 10 маусым аралығында өтеді, ал 11-сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 30 мамыр – 16 маусым аралығында өткізіледі деп көзделуде.
Түлектерді толқытқан Ұлттық бірыңғай тесті де жақындап, сынақты тапсыруға ниетті бітіруші түлектер де анықталды. 2025 жылдың мамыр айында жоғары оқу орындарына грант негізінде оқуға түсу үшін 272 оқушы тіркеліп, тест тапсыруға бекініп отыр.
Аудан бойынша биылғы жылы «Алтын белгі» үміткерлерінің саны-18 болса, ал үздік аттестатқа үміткер оқушылар саны-27.
Түлектер үшін бұл кез – қуаныш пен толқынысқа толы. Өмірдің жаңа белесіне қадам басар сәтте, әр жүрек үлкен үміт пен сенімге толы. Ұстаздар қауымы мен ата-аналар да осы бір айтулы күні балаларына ақ жол тілеп, олардың болашағына сәттілік пен табыс тілейді.
Ж.Қамза