Президент Атырауға бөлінетін гранттың игерілмей жатқанын сынады: бұл – өте төмен көрсеткіш

(0 Votes)

Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Білім беру және мәдениет саласын дамыту қажет. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Балабақшалар да жетіспейді. Қазір 17 мыңға жуық бала кезекте тұр. Бұл мәселені шешуге қажетті қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, келесі жылы«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 11 мектеп салынады. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарды толық орындау керек. Үкімет және әкімдік оның уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қатаң бақылауға тиіс. Атырау облысында кәсіптік және техникалық білім беретін 24 мекеме бар. Онда 16 мың студент білім алып жатыр. Бірақ, осы колледждердің түлектері көбіне жұмыс таба алмай қиналады. Бұл мәселе әр облыста бар. Оқу-ағарту министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, кәсіптік-техникалық оқу орындарын еңбек нарығына бейімдеу үшін нақты шара қабылдауды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймағындағы жастарына 10 мың грант бөлінді, бірақ ол тиісті деңгейде игерілмей отыр.

«Жоғары білімнің қолжетімді болуы, білім сапасын арттыру, жаратылыстану және техникалық бағыттағы университеттерді күшейту аса маңызды. Мен қыркүйектегі өз Жолдауымда осыған қатысты бірқатар міндет жүктедім. Менің бастамаммен Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Аталған университеттің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс көп болады деп сенемін.

Менің тапсырмаммен Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймағындағы жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ, осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Мен бұл туралы кеше Ақтауда да айттым. Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әкімдік құзырлы министрліктермен бірлесіп, осы мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521