Атыраудағы NIS-те қызу тартысқа толы облыстық дебат турнирі өтті. Атырау қаласы мен облысынан жиналған 72 оқушы ұшқыр ой, терең білім және шешен сөйлеудің үздік үлгісін көрсетті.
Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ мен ОzgerTeam қоғамдық қоры бірлескен бастамасымен мектеп оқушылары арасында облыстық дебат турнирі WSDF халықаралық форматында ұйымдастырылды. Шараға қатысқан жас дебатерлер ChatGPT-дің пайдасы мен зияны, патриотизм мен ұлтжандылық, Қазақстанның қай қаласы ең қолайлы деген секілді өзекті резолюцияларды талқылап, мемлекет үшін, қоғам үшін салмақты ұсыныстар тастады.
Игі бастамаға атсалысқан Республика партиясы жеңімпаз фракцияларды дипломдармен және сыйлықтарымен марапаттап, жеңімпаз топқа кубок табыстады. Осы орайда Respublica партиясы нақты ұстанымы бар, қоғамда өз көзқарасын ашық айта алатын жастарға үнемі қолдау жасайтындығын да айта кеткен жөн.
Турнирдің ұйымдастырушысы Ботагөз Ризуанқызының айтуынша, аталған шарадан оқушы мол тәжірибе алып, терең білім алуға ниеттеніп, қанаттанды. Дебат – ойын ғана емес, келелі мәселелерді шешу жолы. Өңіріміздің тәжірибелі төрешілерінің сараптауымен анықталған жеңімпаз топ, яғни Атыраудағы NIS оқушылары 25 қазан күні Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама алды.