Биылғы оқу жылы бұрынғыдан өзгерек

(0 Votes)

Әдетте мектеп бітіруші түлектер мен алғаш білім ордасының табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларға 1 қыркүйек тым ерекше болатын. Биылғы оқу жылы ол жылдардан өзгеше басталды. Өйткені бұл күні оқушылар үшін алғашқы қоңырау соғылмай, дәстүрлі салтанатты жиын өтпеді. Оқушылар көктемде мектеппен қашықтан қоштасқан секілді, жаңа оқу жылының алғашқы күнінде де ұстаздар мен оқушылар онлайн қауышты.

Ауданның барлық білім беру ұйымдарының әр сыныбында салтанатты жиын онлайн платформалар арқылы ұйымдастырылып, мектеп басшылары мен ұстаздар оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Шара да одан әрі Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен бірыңғай онлайн жалпы республикалық «Адалдық сағаты» өтті.

img_3073-min

Биыл ауданға қарасты 9 мектепте 6100 оқушы білім алмақ. Жаңа оқу жылына 613 оқушыны бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып, толықтай орындалған. Ата-аналардың өтінішіне сәйкес 316 бастауыш сынып оқушысы үшін 30 кезекші сынып ашылды.

1

Ауданда «Бір сынып – бір мұғалім» қағидасына сүйене отырып, Х.Санбаев атындағы орта мектебі, №2 бастауыш мектебі, Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені, А.Құнанбаев атындағы орта мектебі, О.Сарғұнанов атындағы орта мектебі, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебі, С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында кезекші сыныптар өз жұмысын бастады.

5

Білім күні Х.Санбаев атындағы орта мектепке табан тіреп, кезекші сыныптардың жұмыс барысымен танысып қайттық. Мектеп дәлізіне дезинфекциялық туннель орнатылып, есік алдына аяқ киімді залалсыздандыруға арналған кілемшелер орнатылған. Әр сынып алдына антисептик және бетперделер қойылған. Әлеуметтік ара-қашықтық сақталу үшін едендерге арнайы белгілер орналастырылған.

Аталмыш мектепке биыл бірінші сыныпқа 99 оқушы қабылданса, оның 38 оқушысы үшін 3 кезекші сынып ашылып отыр. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 1-2 сынып оқушылары үшін де кезекші сынып ашылған. Онда 5 оқушы білім алуда.

3

Әр күн сайын мектепке кіреберісте ұстаздардың, оқушылардың дене қызуы өлшенетін болады. Мектеп дәліздері мен сыныптарды ылғалды тазарту жұмыстары әр екінші сабақтан кейін жүргізіледі. Ал ата-аналарға мектеп қабырғасына кіруге рұқсат жоқ, тек баласын мектепке дейін апарып-алып кете алады.

«Кезекші сыныптар дәстүрлі форматта оқиды десек те, бұл жерде бірнеше өте қатаң талап қойып отырмыз. Өйткені бізге ең бастысы, қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан, біріншіден, үзілістер әртүрлі уақытта болады. Сабақ та әртүрлі уақытта басталады. Екіншіден, сабақтың ұзақтығы 40 минутқа дейін болады. Балалар бір кабинетте ғана оқитын болады. Әдеттегідей, бір кабинеттен екінші кабинетке барып оқытуға жол берілмейді. Күн сайын термометрия жүргізіледі. Жуу, желдету режимі бойынша тиісті шаралар қолданылады. Оқушылар мектепке алдыңғы есікпен кіріп, артқы есіктен шығатын болады»,- деді мектеп директоры Нүрия Мендалиева.

4

Аталмыш мектеп жаңа оқу жылын 1149 оқушымен бастап отыр. Иә, бұрынғыдан өзгерек болайын деп тұрған биылғы оқу жылының алғашқы қоңырауы онлайн соғылды. Бала ұрпақтың дана ұрпақ болып өсуі үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасағандай. Ендігі кезекте ұстаздың еңбегі мен шәкірттің білімқұмарлығы арқасында ғылым-білімнің сапасы төмендемейтініне сенім мол. Талап пен тәртіпті сақтасақ, дәстүрлі оқу жүйесіне де көшерміз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521