Жақында Ақмола облысының Щучинск қаласында 2012–2013 жылы туған қыздар арасында баскетболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатының алғашқы туры өтті.
Еліміздің әр өңірінен жиналған жас спортшылар бас қосқан бұл дүбірлі дода бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Республиканың барлық облыстарынан келген командалар өзара бақ сынасып, тартысты әрі мазмұнды ойын өрнегін көрсетті.
Алғашқы тур қорытындысы бойынша Атырау облысының намысын қорғаған «Барсы Атырау» командасы жүлделі ІІ орынды иеленіп, чемпионаттың келесі кезеңіне жолдама алды.
Аталған турнирде жерлесіміз, «Барсы Атырау» командасының белді мүшесі, Доссор кентіндегі Б.Қанабаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Дария Сейтқали ерекше көзге түсті.
Жас спортшы алаңда шабуыл мен қорғаныста жеке шеберлігінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жарыстың «Үздік ойыншы» атағын иеленді.
Бұл жетістік - оның күнделікті тынымсыз жаттығулары мен спортқа деген шынайы сүйіспеншілігінің жемісі болды.
Айта кету керек, жасөспірімдердің спортқа бейімділігін арттыруда, олардың бойында жауапкершілік пен жеңіске деген жігер қалыптастыруда бапкері, Б.Қанабаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ербол Мұратұлының еңбегі зор.
Ж.Гүлдана



